Дереккөз: inform.kz
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында арнайы құрылған мобильді топ екі тәуліктің ішінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 19 оқиғаны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, облыс аумағында қаңтардың 6-сы мен ақпанның 5-сі күндері табиғатты қорғау заңнамасының қорғалуын қамтамасыз ету, биологиялық ресурстар өнімі мен нысандарының заңсыз айналымын, экологиялық қылмыстарды ашу бағытында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.
«Акцияның алғашқы екі тәулігінің ішінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 19 оқиғаны анықталды, оның 13-і аңшылық ережесінің бұзылуы, 3-і балық аулау ережесінің бұзылуына қатысты. Бұдан бөлек, аңшылық мылтықты бірге алып жүру, тасымалдау бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырылды және 2 мылтық тәркіленді.
Айта кету керек, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу оқиғалары көбіне Астрахан, Атбасар аудандары мен Көкшетау қаласы аумағында тіркелді», – дейді ведомстводан.
Ақмол облысының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аңшылықты арнайы бекітілген аңшылық жерлерде ғана жүргізуге болатынын ескертеді. Ол үшін аңшының қолында рұқсат құжаттары болуы тиіс.