Дерек көзі – www.inform.kz
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының полицейлері деструктивті-діни ағымды ұстанушыдан Қызыл кітапқа енген құстарды тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайрам аудандық полиция бөліміне аудан тұрғынының бірінің үйінде жабайы дала қыраны бар екендігі туралы хабарланған. Экологиялық қылмыстың алдын алу барысында полиция қызметкерлері аталған тұрғынның қорасынан екі құсты тапты. Олар ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген дала қыраны болып шықты.
Сондай-ақ, полицейлер күдіктінің діни-деструктивті ағымды ұстанушы екенін анықтады. Ер адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр.
Дала қырандары Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді. Тәртіп сақшылары ер адам «Қызыл кітапқа» енген құстарды қандай мақсатта ұстағанын анықтауда.