Дереккөз – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы ботаникалық бақтағы жасанды көлге қос аққу қонды. Бұрын-соңды бұл айдында жүзген құс болмаған екен. Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
«Өте әдемі көрініс. Осындай әдемі аққуды бірінші рет көріп тұрмын. Карантин кезінде көңіл күйді көтереді», – дейді қала тұрғыны Эрих Сурма.
Ал елордадағы аққулар ботаникалық бақты ұзақ мекендемейді. Өйткені мұнда оларға ұя салып, орныға қоятындай қолайлы табиғи орта жоқ. Бұл орнитологтардың пікірі.
«Ботаникалық саябақта қамыс өспейді. Оларға ұя салуға ыңғайлы орын қажет. Демек, бұл факт уақытша құбылыс болуы ықтимал» дейді орнитолог Руслан Оразалиев.
Қазір ботаникалық бақтағы бұл қос аққу сол аумақта тұратын көпшіліктің көзайымына айналған.