Дереккөз – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 6 миллионға жуық гүл, 30 мың ағаш отырғызылады. Жұмыстар барлық ауданда жүргізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
«Біздің кәсіпорын қызметкерлері өз ісіне деген зор ықыласпен күні-түні жұмыс істейді. Оларға алғысым шексіз. Бұл жұмыс әркімнің қолынан келмейді. Өйткені гүл отырғызу – зергерлік жұмыс секілді. Қаланы көгалдандыру мен гүл отырғызу үшін жан-тәнімізбен жұмыс істейміз. Мамандарымыз қала тұрғындарын қуантып, жақсы көңіл-күй сыйлау үшін еңбек етуде», – деді «Астана – Зеленстрой» ЖШС бас директорының орынбасары Бибігүл Бектемісова.
Күн сайын 130 маман жұмылдырылып, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жұмыс жасауда.
«Менің басты міндетім – суару және гүлдерді күту. Жұмыс қиын, үлкен шыдамдылықты қажет етеді», – деді «Астана – Зеленстрой» ЖШС қызметкері Айгүл Жайлаубаева.
«Биыл үйеңкі, жөке, емен, сондай-ақ мамыргүл, ақтал сынды бұта ағаштарға басымдық береміз. Мамық шашатын терек түрін отырғызбаймыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.
Елорданы көгалдандыру және абаттандыру мақсатында биыл 30 мың ағаш отырғызылады.