Дереккөз – www.gov.kz
Бүгін бейнеконференция режимінде Каспий маңы мемлекеттерінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің бейресми кездесуі өтті.
Кездесуге Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Түрікменстан Экология министрлері, сондай-ақ Еуропа үшін ЮНЕП аймақтық кеңсесінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Каспий теңізін мониторингілеу саласындағы ынтымақтастық, климаттық өзгерудің Каспий теңізінің экологиясына әсері, биоресурстардың жағдайы, сондай-ақ жағалау аймақтарының ластануын болдырмау жөніндегі шаралар талқыланды.
М. Мырзағалиев Каспий теңізінің бірлескен биоресурстары бойынша келісілген зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті, Каспий итбалығының популяциясын қорғау және сақтау жөнінде нақты іс-шаралар әзірлеуді ұсынды, сондай-ақ балық аулауды бақылауды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылды ретке келтіруге шақырды.
Каспий маңы елдері басшыларының Бесінші Каспий саммитінің (2018ж. 12 тамыз) қорытындысы бойынша тапсырмасын іске асыру үшін М. Мырзағалиев Каспий маңы мемлекеттерінің бірінің аумағында Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенция Хатшылығын орналастыру мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты Каспий маңы елдері арасындағы Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенцияның Хатшылығы туралы қазақстандық тарап әзірлеген Келісім жобасын келісу процесін жандандыру ұсынылды.
Бұл бастаманы Әзірбайжан және Түрікмен тарапы қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, Каспийдің биоресурстары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде күш-жігерді біріктіруге келісті, сондай-ақ Каспий теңізінің табиғи ортасының жай-күйі туралы мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі хаттаманың жобасын одан әрі әзірлеу бойынша өзара түсіністікке қол жеткізді.