Қазақстанда жасыл желекпен ұдайы толықтырып отыру мен ағаш егудің Кешенді жоспары дайындалуда

Дереккөз – www.gov.kz

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға арналған іс-шаралар туралы брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.

«Ел аумағын жасылдандыру мақсатында министрлік пен әкімдіктер 5 жыл ішінде орман қорында 2,0 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызады. Бұл үшін министрлік облыстық әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізіп, аймақтарға егілетін ағаш көлемі белгіленді. Әсіресе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының шөлді жерлерінде ағаш санын көбейтуге назар аударылады. Қызылордада 213 мың гектарға 177,5 млн, Түркістан облысында 227,6 мың гектарға 264,9 млн, Жамбылда 112,1 мың гектарға 138,9 млн түп ағаш егіледі. Бұдан бөлек, ұлттық парктер мен автомобиль, теміржол бойларында көшеттер отырғызылады. Қазір Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасымен ағаш егу және жасыл желекпен ұдайы толықтырып отыру бойынша Кешенді жоспар дайындалуда», – деді министр жасылдандыру шаралары туралы.

Министр Қазақстан орман аумағы аз мемлекет болғандықтан, бұл шаралардың аса маңызды екенін атап өтті.

«Бұл басымдыққа ие тапсырмалардың бірі. Орман – біздің байлығымыз. Оның ресурстарын сақтап, көбейту маңызды. Мемлекеттік орман қорының аумағы 30 млн гектар, ол ел аумағының 11%-ын құрайды. Орман жамылғысы – 4,8%. 2030 жылға қарай ормандылық аумағын 5%-ға дейін көбейтуді жоспарлап жатырмыз», – деді министр.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2,0 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында берген болатын.