Дерек көз – gov.kz
Табиғи өсімдік ресурстарын теңгерімсіз пайдалану, олардың өсу ортасының жойылуы түрлердің жоғалуына және табиғи экологиялық жүйелердің тозуына әкеледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетіне “өсімдік әлемі туралы” заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді.
Экология Министрінің орынбасары Қазақстанда өсімдік әлемін қорғауға, молықтыруға және оның барлық алуан түрлілігін ұтымды пайдалануға қойылатын регламенттеуші талаптар жоқ екенін атап өтті.
«Өсімдіктер дүниесіне қатысты мемлекеттік құқықтар мен мүдделерді қорғау тетіктерін айқындайтын тұтас, көпжоспарлы заңнамалық актінің жоқ екенін атап өту қажет. Өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеумен байланысты жекелеген нормаларда экологиялық, жер, су, кәсіпкерлік кодекстер, “Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы” ҚР заңы бар, олар еліміздегі өсімдіктер әлемінің гендік қоры мен генетикалық ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы мәселелерді реттемейді”, – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Вице-министр атап өткендей, “өсімдіктер әлемі туралы” Қазақстан Республикасының арнайы Заңын қабылдаудың өзекті қажеттілігі осыған байланысты.
“Заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе ескерілді. Өсімдіктер әлемі туралы ұқсас заңдар Австралияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда және Еуропалық Одақ елдерінде бар. Аталған заңдар өсімдіктер әлемі объектілерін сақтау мен ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған”, – деді ведомство басшысының орынбасары.
Ерлан Нысанбаев сондай-ақ, аталған заңды қабылдау қажеттілігі Қазақстан тарапы болып табылатын халықаралық конвенциялардың ережелеріне де байланысты екенін айтты.
Заң жобасы қабылданғаннан кейінгі перспективалардың ішінде қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою, өсімдіктер дүниесі саласындағы жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуге ықпал ететін экономикалық ынталандыру жүйесін іске асыру, елдің бүкіл аумағында өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау мен қорғауды жақсарту аталды.
Айта кетейік, заң жобасы бойынша құқықтық, экономикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және экологиялық сараптамалардың қорытындылары мен мүдделі мемлекеттік органдардың келісулері алынды. Бүгінде құжат Мәжілістің қарауында жатыр.