Қазақстан мен Қырғызстан вегетациялық кезеңге Шу және Талас өзендеріндегі су қоймаларының жұмыс режимін және мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін келісті

Дерек көз – gov.kz 

Бейнеконференция байланысы режимінде Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы комиссиясының кезекті 28-ші отырысы өткізілді.

Комиссияның қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, ал қырғыз бөлігін – Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Су ресурстары мемлекеттік агенттігі директорының орынбасары Абдыбай Джайлообаев басқарды.

Комиссия жұмысына Экология, геология және табиғи ресурстар, Сыртқы істер министрліктерінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, су шаруашылығы мекемелері мен ұйымдарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Тараптар 2021 жылғы вегетациялық кезеңге Шу және Талас өзендеріндегі су қоймаларының жұмыс режимін және мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін талқылады.
Комиссия мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілеріндегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының түрлері мен көлемдерін бекітті.

Сонымен қатар, Комиссия «Шу және Талас өзендері бассейндері үшін іс-қимылдың Стратегиялық бағдарламасын» бекітті, оның шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен су ынтымақтастығын нығайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады.

Тараптар ағымдағы жылдың 4 тоқсанында Бішкек қаласында комиссияның келесі отырысын өткізуге келісті.