Әлеуметтік желі қолданушылары бір-біріне Каспий теңізі жағалауының тартылып жатқанын көрсететін бейнеролик таратуда.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғаммен байланыс департаменті бұл жағдай туралы келесідей ақпаратты хабарлайды.
Бұл – Ақтау қаласының маңындағы Кендірлі ауданы. Аталмыш аумақ, әсіресе теңіздің солтүстік-шығыс бөлігі іргелес жер түбінің кішкентай беткейлері өте таяз, батпақты жерге айналуда. Сонымен қатар, көп жылғы бақылаулардың қорытындылары бойынша қазіргі уақытта Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі тіркелді.
Теңіз деңгейі 2005 жылдан бастап төмендеп келеді. 2005 жыл мен 2020 жылға дейінгі талдау бойынша төмендеу деңгейі 133 см болған. 2021 жылға арналған болжамға сәйкес қазірдің өзінде теңіз деңгейінің төмендеуі 140 см-ден асқан.
Ең алдымен, таязданудың себебі Каспий теңізінің де, оның бассейнінің де су балансының сипаттамаларының өзгеруімен байланысты. Бассейндегі климаттың өзгеруі ағынның азаюына әкеледі, ал тағы бір себебі – антропогендік әсер. Каспийге құятын Еділ, Жайық (Орал), Кавказ өзендерінің барлығы жол-жөнекей тоқтаусыз тұтынылуда. Оның айналасында көптеген ірі су қоймалары салынған, қарқынды шаруашылық қызмет те жүргізілуде.
Маусымдық су алатын су қоймаларының салдары теңізге жер үсті ағынының азаюына, теңіздің таяздануына әкеліп соғуда. Сонымен қатар климаттың өзгеруіне байланысты булану күшейіп, тиісінше ағынның төмендеуіне әсер етеді.
Қазақстанның Экология министрлігі аталған мәселе бойынша Ресей тарапымен үлкен жұмыс жүргізді. Бірнеше рет өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша кешенді шаралар әзірленді:
– бірыңғай Жол картасы бекітіліп, іске асырылуда, оған сәйкес Жайық өзені бассейнінің қазақстандық бөлігі бойынша қажетті материалдар жиналды;
– 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда.
Бағдарлама шеңберінде өзен бассейнін ластау көздерін түгендеу және анықтау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағында трансшекаралық Жайық өзенінің бассейнін жақсартуға бағытталған іс-шаралар іске аспақ.
Бұдан басқа, қазір Каспий теңізінің гидрометеорологиясы және ластану мониторингі жөніндегі үйлестіру комитетінің (КАСПКОМ) және Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенцияның (Тегеран конвенциясы) уақытша хатшылығының қолдауымен ұйымдастырылған Каспий теңізі өңіріндегі климаттың өзгеруі жөніндегі конференция өтуде. Осындай ірі Халықаралық деңгейлерде Каспий теңізінің тартылуы күн тәртібінде талқылануда.