ӨКМ әкімшілендіру «Жасыл даму» АҚ-ға берілді

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk

 

2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берді.

Осы тапсырманы орындау шеңберінде 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады.

Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражаттарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды.

Бүгінгі күні тиісті уәкілетті органдар активтерді мемлекеттік меншікке беру, уәкілетті органдардың қорытындыларын ұсыну, «Жасыл даму» АҚ балансына беру, акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу және т.б. бойынша шаралар қабылдауда.

Айта кету керек, акционерлік қоғам ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бағынысты ұйым болып табылады.

Кәдеге жарату алымының коэффициенттерін төмендету мәселесі бойынша

ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітілетін болады. Жоғарыда көрсетілген жұмыс тобының қызмет нәтижелері туралы ақпарат Министрліктің интернет-ресурсында орналастырылатын болады.

Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл Даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленуде.