Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk
Бүгін Экология министрі Серікқали Брекешев өз кестесіне сәйкес онлайн режимде азаматтарды қабылдады. Министрдің қабылдауына қала тұрғындары, сала ардагерлері, бизнес-құрылым өкілдері, экологиялық және ғылыми ұйымдардың басшылары, қоғам белсенділері жазылды.
Көпшілікті Министрліктің қызмет салаларына қатысты жер қойнауын пайдалануды бақылау, экологиялық заңнама, орман шаруашылығы, су объектілерін тазарту, кадрлық құрылым сияқты түрлі мәселелер толғандырды.
Қабылдауда ортаға салынған тақырыптың бірі – Су кодексінің бұзылуына байланысты Ақмола облысы Целиноград ауданының кейбір жер қойнауын пайдаланушыларынан лицензияны қайтарып алу. Ведомство басшысы осы мәселені қозғаған адвокаттар алқасының өкілі айтқан үндеуді қолдады. Яғни, Жаңа Есіл ауылдық округі тұрғындарының ұстанымдары ескеріле отырып, шешім қабылданды.
Шымкент қаласынан Еңбек ардагері Төлебай Қараменовтің кәріз ағысы жүйесіне қатысты сауалы бойынша министр Шымкент қалалық Экология департаментінің директорына аталған мәселеге жеке тексеру жүргізуді тапсырды.
Айта кету керек, азаматтарды қабылдау 3,5 сағатқа созылды. Қабылдауға жазылғандардың барлығы өз сұрақтарына толық жауап алды. Мұндай форматтағы диалог халықтың түйіткілді мәселелерін жедел түрде шешуге, азаматтар өздерін толғандырған сауалды бірінші тұлғалардың өз аузынан естуге мүмкіндік береді.
Азаматтарды қабылдау соңында С. Брекешев қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғысын білдіре отырып, бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайтынын және олардың бәрі қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес шешілетінін айтты.