“Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Қазақстан” ресми сайтында. https://www.kz.undp.org/content/kazakhstan/kk/home/presscenter/announcements.html
Адамзатқа COVID-19-ны жеңу үшін
көшбасшылық пен ынтымақтастық қажет
COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы біздің заманымыздағы денсаулық сақтау саласындағы жаһандық дағдарыс және екінші дүниежүзілік соғысынан бергі кезеңдегі адамзат тарихындағы ең үлкен проблема болып табылады. Өткен жылдың соңында Азияда пайда болған сәттен бастап, вирус, Антарктиданы қоспағанда, барлық континенттерге таралып үлгерді. Жұқтыру оқиғаларының саны Африка, Америка және Еуропада күн сайын өсуде.
Елдер пациенттерді тестілеу мен тексеруді жүргізіп, қарым-қатынас жасаған адамдарды анықтап, сапарларды шектеп, азаматтарды оқшаулап және спорттық жарыстар, концерттер және мектептердегі оқыту секілді адамдар көп шоғырланатын іс-шараларды тоқтата отырып, инфекцияның таралуын баяулату үшін бар күш-жігерін салуда.
Пандемия толқын секілді қозғалуда және жағдайды еңсеруге қабілетсіз күйдегілерге қаһарын жаудыруға дайын тұрғандай.
Алайда COVID-19 вирусы – денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстан гөрі әлдеқайда үлкен мәселе. Вирус шарпып өткен барлық елдердің жағдайын бағалап қарасақ, оның терең із қалдырып, әлеуметтік, экономикалық және саяси саладағы аса күрделі дағдарысқа әкелуі ықтимал жайт.
Біз бұрын-соңды кезікпеген жағдайға тап болдық. Біздің қауымдастықтардың көпшілігі не бары бір апта уақыт ішінде танымастай өзгеріске ұшырады. Әлемнің ондаған ірі қалалары үңірейіп бос қалды, себебі адамдар өз таңдауы бойынша, немесе мемлекеттің үкімімен өз-өздерін оқшаулауда. Бүкіл әлем бойынша дүкендер, театрлар, мейрамханалар мен барлар жабылып қалды.
Күн сайын адамдар жұмыс пен табыстан айырылуда, және де қалыпты режимге қайта оралар шақ қашан болатынынан бейхабар. Туризмнен қатты тәуелді шағын аралды мемлекеттердің қонақ үйлері мен жағажайлары бос жатыр. Халықаралық еңбек ұйымының бағалауы бойынша, COVID-19 індетінің таралуына байланысты 25 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
БҰҰДБ қарсы шаралары
Әрбір ел дайындалу, ден қою және қалпына келтіру жөніндегі шұғыл шараларды қабылдауы тиіс. БҰҰ жүйесі әр кезеңде елдерге қолдау көрсетеді, бұл ретте ең осал мемлекеттерге айрықша көңіл бөлінеді.
Біздің Эбола безгегі, АИТВ, атипті пневмония, туберкулез және малярия сияқты басқа да зұлмат індеттермен күресудегі тәжірибемізге, сондай-ақ жекеше және мемлекеттік секторлармен жұмыс істеуіміздің көпжылдық тарихымызға сүйене отырып, БҰҰДБ кедейшілікті жою, теңсіздікті қысқарту және дағдарыстар мен күйзелістерге төзімділікті арттыру жөніндегі өз миссиясы шеңберінде елдерге COVID-19 пандемиясына шұғыл және тиімді ден қоюға көмектеседі.
“Біз БҰҰ құрамына кіретін ұйымдармен және басқа да серіктестермен бірлесе отырып, бірінші кезектегі үш басым бағыт бойынша жұмыс істеудеміз, олар: ДДСҰ жетекшілігімен денсаулық сақтаудың негізгі өнімдерін сатып алуды және жеткізуді қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы қарсы шараларды қолдау, дағдарыстық жағдайларды реттеу және ден қою жөніндегі шараларды күшейту, және маңызды экономикалық және әлеуметтік салдарларды шешу”,- Ахим Штайнер, БҰҰДБ әкімшісі.
Қазақстанды қолдау шаралары
Қазақстанда БҰҰДБ денсаулық сақтау жүйесін қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралармен қатар, үкімет пен жалпы қоғам деңгейінде пандемияға қарсы шаралар қабылдауға ерекше мән береді және Үкіметке ең осал топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі. БҰҰ тобының COVID-19 қарсы жауап ретінде БҰҰДБ әлеуметтік-экономикалық жауаптар бойынша жұмыстарды жүргізеді. Соның ішінде БҰҰДБ дағдарысты одан әрі қалпына келтіруді қолдау мақсатында ең осал топтар үшін COVID-19 әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалайды. БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі сонымен бірге дағдарыстан ең көп зардап шеккен жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін құруға, қашықтықтан жұмыс істеу жағдайында мемлекеттік қызметтер көрсету мүмкіндігін күшейтуге және экологиялық инновациялар мен климаттық шешімдер арқылы «жасылдандыру арқылы қалпына келтіру» тәсілдерін енгізуге бағытталған.