Қазақстандағы экологиялық жағдай туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Бүгін брифинг барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері: Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы А.С. Абдуалиев, экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры А.Р. Ширанов, қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры М.Т. Ошурбаев баяндады.

Халықты толғандыратын негізгі экологиялық мәселелердің бірі-қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы, оны үш санатқа бөлуге болады.

Мәселен, Алматы және Астана қалаларында ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне (ЖЭО, қазандықтар), автокөлікке және жеке секторға тиесілі.

Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі.

Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары жоғары ластанудың себебі болып табылады.

Өңірлердің экологиялық проблемаларын шешу үшін Министрлік қала әкімдіктерімен бірлесіп жұртшылықпен, жергілікті атқарушы органдармен және табиғат пайдаланушылармен талқылау кезеңдерінен өткен 485 іс-шараны қамтитын Жол карталарын іске асыруда. Бүгінгі таңда іс-шаралардың 33%-дан астамы (158) аяқталды.

Мысалы, қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша Астанада 2022 жылы атмосфералық ауаға шығарылатын нақты шығарындылардың көлемі 54 мың тоннаны құрады (2021 жылы – 86,756 мың тонна).

Сондай-ақ, Министрлік 2022 жылы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда 2023 жылға арналған шығарындылар лимиттерін төмендету бойынша мақсатты жұмыс жүргізді. Жеке секторды газдандыру, ЖЭО-ны жаңғырту және газға көшіру жұмыстары жалғасуда.

Космомониторингтің көмегімен 2022 жылы 5683 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орны анықталды, оның 77%-ы жойылды (4331 полигон). Осы жылдың наурыз айынан бастап рұқсат етілмеген полигондарды анықтау жұмыстары қайта басталды, Бүгінде суреттерді өңдеу жұмыстары жүргізілуде, содан кейін олар геопорталға орналастырылады.

Стихиялық қоқыс үйінділерін құру мәселесін шешу үшін шаралардың бірі қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдарды ұлғайту болды (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін).

ҚТҚ полигондарының мәселелерін шешу бойынша әкімдіктерге аумақтық проблемалар мен ерекшеліктерді ескере отырып, экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеу ұсынылды.

Сондай-ақ, спикерлер елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар жаңалықтарды қамтитын жаңа экологиялық кодекстің қолданысқа енгізілуіне байланысты реформаларға, оның ішінде ең үздік қолжетімді технологиялар мен «ластаушы төлейді» қағидатын енгізуге назар аударды. Сонымен қатар, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізілді. Бюджет кодексінің 64-бабына сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін эко төлемдер үшін барлық сома қоршаған ортаны жақсартуға жұмсалуы керек.

Іс-шара барысында спикерлер кәріз-тазарту құрылыстарын салу, булану алқаптарын рекультивациялау, қалдықтарды мемлекеттік реттеу мәселелерін қозғады, сондай-ақ өңірлерден келген БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.