Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Бүгін Астана қаласында еліміздегі ауа сапасының атмосфералық жағдайына арналған семинар өтті. Жиынға экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов, орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері, Дүниежүзілік банк және қазақстандық «ECOJER» қауымдастығының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
«Өздеріңіз білетіндей, таза ауа адамдардың денсаулығы үшін де, ел экономикасы үшін де өте маңызды. Сырқаттың азаюы және өмір сүру ұзақтығының артуы халықтың экономикалық белсенділігі мен әл – ауқатының өсуіне ықпал етеді», – деді вице-министр.
Бүгінгі таңда республикамыздағы көміртегі шығарындыларының 80%-дан астамы энергетика секторына тиесілі. Оның ішінде көмірді пайдаланудың үлес салмағы тұрғын үйлерді жылыту және электр энергиясына тиесілі.
2021 жылы қабылданған жаңа Экологиялық кодексте өнеркәсіптік объектілердің қоршаған ортаға әсерін азайту үшін олардың қызметін реттеуге жеткілікті тетіктер қарастырылған. Сондай-ақ, жеке сектордан және көліктен атмосфералық ауаға әсерді азайту, газ бен ЖЭК-ке ауыстыру, елдімекендерді дұрыс жоспарлау, қоғамдық көліктің сапасын арттыру және жеке автокөліктерді экологиялық көлікке біртіндеп көшіру, халықтың экологиялық сауаттылығын жетілдіру есебінен жағдайлар жасау қажет.
«Жұртшылықтың, өнеркәсіптің және мемлекеттік органдардың күш-жігерін шоғырландыру ауаның сапасын жақсартуда, халықтың жалпы денсаулығын түзеуде және еліміздегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруде елеулі прогреске қол жеткізуге көмектеседі. Біліміміз бен ресурстарымызды біріктіре отырып, ауаның ластануына қарсы күресте және болашақ ұрпақ үшін салауатты, гүлденген орта құруда үлкен нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деді Д.Бекмағамбетов.