Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында қалалық және ауылдық елдімекендерді сумен жабдықтау мәселелері қаралды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі З. Сүлейменова халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында министрліктің басым міндеттері туралы баяндама жасады.
Министрлік Су кодексіне сәйкес елдімекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу мен реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады.
Қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,5 мың шақырым 80 топтық су құбыры бар. Оның ішінде республикалық меншікте ұзындығы 13,4 мың км 39 топтық су құбыры болса, олар 1,4 млн.халқы бар 655 ауылдық елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді.
2021-2022 жылдары Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 7 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тестілеу режиміне сәйкес Ұлытау облысындағы 1 нысан бойынша сапалы ауыз су беріледі.
Бүгінгі күнге дейін 800 км желі салынды, 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елдімекен сапалы ауыз суға қол жеткізді. Сондай-ақ, 203 мың тұрғыны бар 3 қаланы (Сәтбаев, Макинск және Жезқазған ішінара) сумен жабдықтау жақсарды.
Биылғы жылы 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға енгізу жоспарланған. Сонмен қатар, Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 нысанды іске асыруға 19,1 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Бүгінгі таңда министрлік Үйтас-Айдос топтық су құбыры жобасын іске асыруды жалғастыру үшін Үкімет резервінен шұғыл қажеттіліктерге 4,2 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесін пысықтауда.
Министрлік халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету үшін топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жобаны іске асыруды жоспарлауда. Нәтижесінде саны 22,3 мың адам болатын 41 ауылдық елдімекенге сапалы ауыз су беруді қамтамасыз ету көзделген.
“Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай 1,2 мың шақырымға жуық топтық су құбырларын салғаннан кейін 22,3 мың адамнан тұратын 41 ауылдық елдімекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және 33,0 мың адамнан тұратын 52 ауылдық елдімекенді сумен жабдықтауды жақсарту жоспарлануда”, – деді З.Сүлейменова.