Өрт қауіпті кезеңге дайындық туралы

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/769674?lang=kk

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында экология министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңіне дайындық туралы айтып берді. Орман қоры аумағы бүгінде 30,9 млн гектарды құрайды, оның ішінде орманмен жабылған – 13,7 млн. гектар.

Ол осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстың негізгі тұстарын атап өтті:

– экология, төтенше жағдайлар, қорғаныс министрліктері мен ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында табиғи өрттерге ден қою кезінде жедел өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді;

– Қазгидрометтен метеодеректерді барлық орман иелеріне беру алгоритмі әзірленді;

– азаматтық қорғау академиясының базасында мемлекеттік орман күзеті мен орман өрт сөндіру станцияларының 1332 қызметкері оқудан өтті;

– Абай облысында «Өрт-2024» орман өрттерін сөндіру бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне орман ресурстарын пайдалану кезінде талаптарды күшейту бойынша толықтырулар енгізіліп, сондай-ақ орман қорын қорғау, пайдалану жөніндегі нормалар мен нормативтер кеңейтілді.

Сондай-ақ, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық жабдықталуын нығайтуға көп көңіл бөлінеді.

Мысалы, өткен жылы Министрліктің табиғатты қорғау ұйымдары үшін шамамен 9 млрд. теңге сомасына 25 өрт сөндіру автомашинасы, 51 шағын орман өрті кешені, 154 трактор, 73 патрульдік автомашина және 655 бірлік өртке қарсы жабдық (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер және басқалар) сатып алынды.

Жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 6,6 млрд. теңгеге 20 өрт сөндіру автомашинасын, 127 тракторды және 76 патрульдік машинаны сатып алды.

Сонымен қатар, қолда бар техниканың тозу пайызы жоғары болып қалады және өрт сөндіру машиналары бойынша 72%, тракторлар бойынша 50% және патрульдік машиналар бойынша 55% құрайды.

Биыл кешенді жоспар шеңберінде материалдық-техникалық жарақтандыру жалғастырылатын болады. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

«Министрлік мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерін болдырмау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда», – деді Е.Нысанбаев.