Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/862997?lang=kk
28-30 қыркүйек аралығында «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Іле-Балқаш» және «Алтын дала» резерваттарына құландарды реинтродукциялау жұмыстары жүргізілді.
Қазақстанда жабайы табиғатта құландар 1930 жылдары шамадан тыс аңшылық және үй жануарларымен жайылым үшін бәсекелестік салдарынан жойылып кеткен. Осы түрдің популяциясын қалпына келтіру үшін бірнеше кезеңдерден тұратын көпжылдық реинтродукциялау жобасы жүзеге асырылды. 1953-1961 жылдар аралығында 14 құлан Бадхыз қорығынан (Түркменстан) Барсакелмес аралына жеткізілді. Аралдағы саны 200-ге жеткенде, келесі кезең – құландарды басқа аумақтарға реинтродукциялау басталды. Осылайша, құландар 1982 жылы «Алтын-Емел» ұлттық паркіне реинтродукцияланды.
Бүгінде Қазақстанда осы түрдің екі үлкен популяциясы бар. Жануарлар «Барсакелмес» резерваты және «Алтын-Емел» ұлттық паркінде мекендейді. «Алтын-Емелдегі» құлан саны 3965-ке жетіп, Қазақстандағы ең көп кездесетін жабайы құландар тобы (Equus hemionus kulan) болып табылады. Құландардың тұрақты өсімі оларды басқа тарихи мекендеріне реинтродукциялауға мүмкіндік береді.
Құландарды реинтродукциялау жұмыстары Тұран жолбарысының мекендеу орнын қалпына келтіру және Орталық Қазақстанның (тарихи мекендері) далалық өңірлеріндегі құлан популяцияларын қалпына келтіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Ағымдағы жылы 67 құлан ұсталынды. Олардың 43-і «Иле-Балқаш» резерватына, 24 құлан «Алтын дала» резерватына жеткізілді, алғаш рет құландарды ұзақ мерзімде жер үсті тасымалдау әдісі қолданылып, жануарлар 50 сағат жолда 2139 км қашықтықты еңсерді!
Құландарды реинтродукциялау бойынша сәтті жұмыс – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, оның қарамағындағы мекемелер («Алтын-Емел» ұлттық паркі, «Охотзоопром» ӨБ) және БҰҰ даму бағдарламасы мен Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау ассоциациясымен (АСБК) біріккен жұмыс нәтижесінде орындалды.
«Алтын-Емел» ұлттық паркінен «Иле-Балқаш» және «Алтын дала» резерваттарына құландарды реинтродукциялау – еліміздің биоәртүрлілігін сақтау және қалпына келтіруге бағытталған жұмыстардың негізгі қадамдарының бірі.
Барлық жоспарланған жұмыстарды орындаудың айқын әрі тиімді жүзеге асырылуы, БҰҰ даму бағдарламасы мен Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау ассоциациясының (АСБК) қолдауы еліміздің экожүйесін және жойылған биоәртүрлілікті қайта қалпына келтіруге бағытталған болашақ экологиялық бастамалар мен жетістіктер үшін сенімді негіз қалайды», – деп атап өтті ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Тұрғамбаев Данияр.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Пржевальский-Керқұлан, Кертағы жылқысы мен Тұран жолбарысын реинтродукциялау жобаларын жүзеге асырды.