Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/869348?lang=kk
Бүгін Астанада «ECOJER «Серіктестік қарым-қатынас орнату, тұрақтылықтың өсуі!» IV халықаралық конгресі өтті. Қазақстанның «жасыл» экономикаға қарай одан әрі дәйекті іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін платформа болып табылады.
«Жасыл экономика»: прогресс пен сын-қатерлерді талдау» бағдарламалық сессиясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев сөз сөйледі.
Министр өз сөзінде 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясына және 2050 жылға дейінгі Жасыл экономика тұжырымдамасына тоқталды. Көміртекті бейтараптық стратегиясына декарбонизация шаралары бойынша жұмыс жоспарын белгіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясын бекітті және экономиканың барлық секторларында декарбонизация жөніндегі шараларға қол жеткізу үшін негіз қаланатын 2050 жылға дейінгі Жасыл экономика жөніндегі Тұжырымдаманы қабылдады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы «жасыл» экономиканы дамытудың ұзақ мерзімді пайымының жаңа халықаралық тәсілдеріне және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға байланысты Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама өзектендірілді. Қалдықтарды басқару, ауаның ластануын азайту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, «жасыл» қаржыландыру және т. б. сияқты экономиканың 9 секторында 21 индикатор бекітілді.
ECOJER қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанованың айтуынша, Қазақстан қазба отындарынан бас тарту арқылы экономикасын трансформациялау бағытында нақты қадамдар жасауда.
«Иә, бұл оңай емес, бірақ бұл жол тұрақты экономикалық өсуге және жоғары өмір сапасына кепілдік береді. Алдағы жылдары шетелдік инвестициялар тек «жасыл» жобаларға бағытталуы тиіс. Бұл Қазақстанға экология мен экономикалық тиімділікті ұштастырып, Орталық Азияда көшбасшы болуға мүмкіндік береді», – деді Ләззат Рамазанова.
Конгресс бағдарламасы қарқынды болды. «Жасыл экономика»: прогресті және сын-қатерлерді талдау», «Әділ энергия ауысуы және адами капитал», «Метанды реттеу және мұнай-газ саласы», «Жасыл ауысуды» қаржыландыру» бағдарламалық сессиялары өткізілді.
«БҰҰ саммиті: климаттың өзгеруін тежеу шаралары бойынша келіссөздер» іскерлік климаттық ойыны қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Соңында «Серіктестік қатынастарды жолға қою, тұрақтылықты арттыру» пленарлық сессиясы өтті.
Жасыл экономикаға көшу-бұл барлық деңгейлерде уақытты, күш пен ынтымақтастықты қажет ететін ұзақ мерзімді процесс. Қазіргі сын-тегеуріндерге қарамастан, Қазақстан «жасыл» технологиялар мен тұрақты шешімдерді табысты енгізу үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктерге ие.
Министрлік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып және қоғамымыз үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, «жасыл» экономиканы дамыту бойынша жұмысты жалғастырады.