ҚР ЭТРМ өкілдері Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің алдын ала бағалау сапары аясында «Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіру: ластануды басқару және биоәртүрлілікті сақтау әлеуетін арттыру» («Blueing the Caspian Sea») жобасын дайындау бойынша отырысқа қатысты

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/898742?lang=kk

4-6 желтоқсан аралығында Астана қаласында Дүниежүзілік банктің алдын ала бағалау сапары аясында Жаһандық экологиялық қордың гранттық қаражаты есебінен қаржыландырылатын «Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіру: ластануды басқару және биоәртүрлілікті сақтау әлеуетін арттыру» («Blueing the Caspian Sea») жобасын дайындау бойынша кездесулер өтті.

Аталған жобаны Каспий маңындағы үш елде (Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан) жалпы бюджеті 12 млн АҚШ долларына жүзеге асыру жоспарланып отыр және үш негізгі компонентті қамтиды: Каспий теңізін ластанудан қорғау; биоәртүрлілікті сақтау; жағалау аймақтарын тұрақты басқару.

Орын алған келіссөздерге Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның (Тегеран конвенциясы) Уақытша хатшылығының – ЮНЕП-тің, БҰҰ Жобаларды басқару басқармасының (UNOPS) өкілдері және Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілдігі тарапынан сарапшы қатысты. Қазақстан тарапынан кездесуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің, «Қазгидромет» РМК және Халықаралық су ресурстарын бағалау орталығының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар жобаны іске асыру шеңберіндегі басым бағыттарды, өңірлік интеграция шараларын, ластануды басқару мен биоәртүрлілікті сақтауға арналған ұлттық іс-шараларды, сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың ұлттық және өңірлік тетіктерін талқылады.

Қазақстан тарапы Каспий теңізіндегі экологиялық және гидрологиялық мониторинг жүйелерін жетілдірудің, Каспий маңы елдері арасындағы ғылыми-зерттеу қызметін дамытудың, сондай-ақ Каспий итбалығы популяциясын сақтау бойынша бірлескен жұмыстар жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Каспий және Арал теңіздеріндегі аквакультураға арналған семинар өтті. Семинар барысында аквакультураның тұрақты дамуы, аквакультурадағы өндірістік-тұрмыстық тізбек мәселелері талқыланды. Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері «Аквакультураның жағдайы мен сын-тегеуріндері» тақырыбында презентациялар ұсынды. Қатысушылар Каспий теңізі мен Арал теңізі бассейндері елдерінде аквакультураны зерттеуге арналған жол картасын әзірлеу бойынша топтық жұмыс жүргізді.

Іс-шара қорытындысы бойынша әрбір елмен жобаның компоненттерін нақтылау үшін 2025 жылдың қаңтарында онлайн кездесулер өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Қорытындылай келе, қатысушылар Каспий теңізі аймағындағы жобаның сәтті жүзеге асатынына сенім білдіріп, Қазақстан тарапына қонақжайлылығы үшін алғыс айтты.