Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/938815?lang=kk
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі елдің Париж келісімі аясында қабылдаған міндеттемелеріне сәйкес 2035 жылға дейінгі жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлес (ҰДАҮ 3.0) жобасын әзірлеу жұмысын жалғастыруда. ҰДАҮ 3.0 әзірлеу – тұрақты дамуға және ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам.
Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, ҰДАҮ 3.0 қалыптастырудың негізгі аспектілерін талқылады. Талқылауға NDCP, UNDP, UNITAR, UNICEF, FAO, GIZ және ССАС өкілдері қатысты. Олар құжатты әзірлеуге сараптамалық және техникалық қолдау көрсететін болады.
Кездесу барысында халықаралық тәжірибені ескеру, ұлттық және халықаралық мамандар арасындағы іс-қимылдарды үйлестіру, сондай-ақ заманауи талдау құралдарын енгізу мәселелеріне баса назар аударылды. Атап айтқанда, ҰДАҮ 3.0 әзірлеу LEAP (Long-range Energy Alternatives Planning System) моделінің негізінде жүргізілетін болады. Бұл Қазақстанның төмен көміртекті даму сценарийлерін егжей-тегжейлі талдауға және парниктік газдар шығарындыларын азайтудың тиімді шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Министрлік ҰДАҮ 3.0 әзірлеу үдерісі мемлекеттік органдарды, бизнес-қоғамдастықты, ғылыми орта мен азаматтық секторды қоса алғанда, негізгі мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтастықта жүргізілетінін атап өтті. Мұндай тәсіл құжаттың ашықтығын және ұлттық тұрақты даму басымдықтарына сәйкес келуін қамтамасыз етеді.