III-ші Каспий экономикалық форумы

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/939830?lang=ru

Бүгін Тегеранда бес Каспий маңы елдерін – Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның мемлекеттерінің делегацияларын біріктірген III-ші Каспий экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Негізгі талқыланған тақырыптар – көлік ынтымақтастығы, экология, денсаулық сақтау, туризм, транзиттік тасымалдар, сауда байланыстары және банк саласындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері болды.

«Каспий маңы елдерінің экологиялық, денсаулық сақтау және туристік ынтымақтастығы» атты төртінші тақырыптық сессияда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж.Ш. Әлиев баяндама жасады.

Ол өз сөзінде Каспий өңірінің елдері арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласында берік ынтымақтастық орнатылғанын, онда күн тәртібіндегі маңызды экологиялық мәселелердің бірі Каспий теңізінің таяздануына жол бермеу екенін атап өтті.

«Алайда, соңғы жылдары климаттың өзгеруі біздің өңірде айқынырақ байқалып, қоршаған ортаға, экономикаға және қоғамның әл-ауқатына елеулі проблемалар тудыруда. Мұны шешу Каспий теңізінің жағалауларында орналасқан  барлық елдердің  бірігіп әрекет етуін талап етеді», – деп толықтырды вице-министр.

Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, Каспий теңізінің деңгейі көпжылдық, жыл аралық және маусымдық өзгерістерге ұшырауда.

Мәселен, 2006 жылдан бастап Каспий теңізінің деңгейі төмендеуде – қазіргі уақытта 1,9 метрге төмендеген.

Қазақстан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясы (СОР29) аясында Әзірбайжан тарапының Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін зеттеу бойынша жұмыс тобын құру жөніндегі бастамасын қолдады.

Аталған бастама аясында өткен жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторының қорық аймағында экологиялық сезімталдық картасы әзірленді, ол мұнай төгілуінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау, сондай-ақ өңірде биоәртүрлілікті сақтау стратегияларын әзірлеу үшін маңызды құрал болып табылады.

Сондай-ақ, Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын зерттеу үшін Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды.

«Осыған байланысты, біз ғылыми-зерттеу институттарының Каспий желісін құру арқылы Каспий маңы ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын нығайтуға мүдделіміз. Біздің ғалымдардың бірігіп жұмыс жасауын нығайту қажет», – деді Жомарт Шияпұлы. Ол сондай-ақ Иран тарапына бүгінгі іс-шараны ұйымдастырғаны, өткізгені және жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.