Қазақстан мен Жапония арасындағы Кредиттеудің бірлескен механизмі (JCM) аясында жоба өтінімдерін қабылдау ашылды

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/928145?lang=kk

2023 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы мен Жапония Үкіметтері арасында Кредиттеудің бірлескен механизмі (JCM) бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл механизм климаттық тұрақты технологиялар мен бастамаларды ілгерілетуге, сондай-ақ Париж келісімінің 6-бабындағы нарықтық тетіктер арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған.

Меморандумды одан әрі іске асыру аясында 2025 жылғы 28 қаңтарда JCM Бірлескен комитетінің алғашқы отырысы өтті, оның барысында Комитет құрамы бекітіліп, тең төрағалар, бақылаушылар мен хатшылық тағайындалды. Отырыста JCM механизмдерін іске қосудың негізгі аспектілері талқыланып, негізгі рәсімдік құжаттар мақұлданды.

Отырыс қорытындысы бойынша JCM аясында жобаларды жүзеге асыруға өтінімдер беру мүмкіндігі ресми түрде ашылды. Барлық қажетті ақпарат, оның ішінде ережелер, басшылық қағидаттары және рәсімдік құжаттама www.jcm.go.jp ресми сайтында «Қазақстан-Жапония» бөлімінде жарияланды.

Жоба өтінімін беру үшін сайтта жарияланған «Project Idea Note» (PIN) формасын толтырып, оны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдау қажет.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі тұрақты дамуға және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал ететін жобаларды ұсынуға мүдделі ұйымдарды шақырады. Бірлескен несиелеу механизмі (JCM) озық технологияларды енгізуге және климаттық тұрақтылық саласына қосымша инвестициялар тартуға бірегей мүмкіндік береді.