«Жасыл даму» АҚ Жезқазған қаласындағы «DD-jol» ЖШС-нің қалдықтарды қайта өңдеу жобасын қолдады

Экологиялық ахуалды жақсарту және қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Жезқазған қаласындағы полигон аумағында қайта өңдеу цехтарын салу жобасын жүзеге асыру үшін «DD-jol» ЖШС-нің өтінімін мақұлдады.

«DD-jol» ЖШС 2019 жылдан бері Балқаш және Жезқазған қалаларындағы өндірістік алаңдарда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату саласында жұмыс істеп келеді. Жаңа жоба аясында әрқайсысының ауданы 600 шаршы метр болатын төрт арнайы цех салынады. Бұл цехтарда қағаз қалдықтарын, резина-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату жүзеге асырылады. Жобаны іске асыру Жезқазған және Сәтбаев қалаларында қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өңірде аталмыш мәселе өзекті болып отыр.

«Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жылға дейінгі мерзімге, 2 жылға дейінгі жеңілдік кезеңімен қаржыландыру ұсынады. Қаржыландыру еліміздің ірі қалаларында қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға бағытталған бағдарлама шеңберінде утилизациялық төлем қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда әкімдіктер ұсынған 67 жоба мақұлданып, олардың 43-і тікелей қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.

Жоба аясында «DD-jol» ЖШС «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен лизингтік мәміле жасасуда. Жобаның жалпы құны — 705,5 миллион теңге. Қаражат мынадай жабдықтар мен арнайы техникаларды сатып алуға жұмсалады:

  • Қағаз қалдықтарын қайта өңдеу кешені;
  • ҚТҚ сұрыптау желісі;
  • Резина-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу кешені;
  • Фронтальды және жүк көтергіш тиегіштер.

 Жобадан күтілетін нәтижелер:

  • Ұлытау өңіріндегі экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсарту;
  • Өңір экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп үлесінің өсуі;
  • 24-тен астам жаңа жұмыс орындарын құру арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту.

«Жасыл даму» АҚ утилизациялық төлем есебінен қаржылай қолдау алған кәсіпорындардың қызметін ақпараттық сүйемелдеуді жалғастырады.