АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстік Қазақстанда осы жылдың ең алғашқы сенбілігі наурыз айының 6 күні ұйымдастырылмақ. Айта кету керек, биылғы көркейту-көгалдандыру жұмыстары ауа райына байланысты жылдағынан ерте басталмақ.
Шымкент қаласында өтетін сенбілікте қаладағы саябақтарға 1000 түп аққайың көшеттері мен 500 дана раушан гүлі отырғызылатын болады. Сондай-ақ, көктем мен күз маусымында қала аумағындағы саябақтар мен жол бойларына жалпы саны 112 187 дана қайың, үйеңкі, емен, қарағай, түрлі хош иісті ағаш көшеттері мен аршаның түрлері және қылқан жапырақты ағаш көшеттерін егу жоспарлануда.
280 гектар жер теліміне отырғызылған мәдени сәнді ағаш көшеттері жерге тез бейімделуі үшін көшеттер жергілікті бау-бақшалардан алынады. Оны арнайы мамандандырылған «ЛТД Тұрмыс», «Шымкент жасыл қала» және «Байтерек ЛБ» мекемелері суғарып, күтіп, баптайды. Жыл сайын отырғызылған көшеттер табиғи немесе түрлі себептермен қураса, жасыл желектер ағаштарды отырғызған мердігер мекеменің есебінен қайта егілетін болады.
Бүгінгі таңда этносаябақ пен «Абай», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақтарына 3 мың данаға жуық қылқан жапырақты қырым қарағайы отырғызылса, әкімшілік іскерлік орталығы мен «Нұрсәт» саябағына 100 дана қылған жапырақты қырым қарағайы ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарланды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.