Облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, соңғы бес жылда аймақта 38,5 мың ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылыпты. Бүгінде 160 елді мекендегі 396 ауыл сапалы ауыз суды тұтынып отыр.
«Облыста 2020 жылға дейін ауылдық жерлерді ауыз сумен қамту жоспары бекітілді. Жер асты сулары қорын барынша пайдалану мақсатында жер астындағы тұщы су көздерін зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 396 ауылдың 110-ында жер асты су қоры бары анықталып отыр», – дейді Қ.Сәтиев.
Қазіргі таңда геологтар Лебяжі ауданы Тақыр ауылындағы ұңғыманы зерттеп жатыр. Мамандардың айтуынша, Тақыр ауылы тұщы су көздерін іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жаңа жобаға енгізілген елді мекендердің бірі саналады. Ұңғыманы бұрғылау және зерттеу ұзақ процесс, сондықтан геологтар жұмысты 2017 жылдың төртінші тоқсанында аяқтауды жоспарлап отыр.
«Павлодар су барлау» ЖШС директоры Юрий Поповтың мәлімдеуінше, аталған елді мекенде неогенді және палеогенді су деңгейі белдеуі бар көрінеді. Алғашқысы 50 метрге дейін, екіншісі 200 метрге дейін тереңдікте жатыр.
«Сынақ түрінде алғашқы су сорудан соң, су қоры 25 жылға жететініне көзіміз жетті. Тақырдағы ұңғыма секундына 12 литр су бере алады», – дейді Ю.Попов.
Еске сала кетейік, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту «Аймақтардың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде облыста ауылдардың тек 41%-ы ғана орталықтандырылған су құбырымен немесе тазартылған сумен қамтылған.