Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысында «Егінжай» кеңесі өтті.
Өңірдегі шаруалар мен сала мамандары қатысқан жиында ауыл шаруашылығындағы жаңашылдықтар, жеткен жетістіктер мен тәжірибелер талқыланды. Жергілікті диқандар соңғы жылдары бірігіп жұмыс істеуді қолға алған. Шағын шаруа қожалығының иелері он-оннан топтасып, кооператив құрып жатыр. Заманауи тың технология енгізіп, еңбек өнімділігін еселеуде. Мәселен, бұрын бір қожалық гектарынан 1 тоннадай шөп орып алса, тамшылатып суару арқасында бұл көрсеткіш 5 тоннаға дейін ұлғайды. Биыл өңірде 600 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілген. Бұл былтырғыдан бес жарым мың гектарға көп. Бұрын Әулие ата өңірі қант қызылшасының рекордтық көрсеткіштерімен мақтанатын. Араға ондаған жыл салып табысы мол кәсіп қайта жандана бастады. Қазір өңірде 5 мың 680 гектарға тәтті түбір егілген. Өнімді қабылдайтын екі зауыт жұмыс істеп тұр.
Нұржан Нұржігітов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Соңғы жылдары мал шаруашылығына көңіл бөліп жатырмыз. Бұл сүт-тауарлы фермаларды, бордақылау алаңдарын ашу. Бірақ ол жұмыстарды атқару үшін мал азығын дайындау мәселесі туындайды. Сондықтан осындай семинар-кеңестің арқасында шаруашылықтар өздерінің пайдасын көріп, қазір бетін бұрып, инновацияны тәжірибесіне енгізіп, жұмыспен айналысуда.