АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ашық су қоймаларын, өзен арнасы мен олардың жағалауын ластанудан қорғау өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, бұлар біздің мегаполис халқының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына әсер ететін маңызды фактор.
Жаз басталғаннан-ақ қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының мамандары демалыс орындары мен ашық су көздерінде рейд жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Алматы қаласының тұтынушылар құқығын қорғау департаментінен.
Осы жұмыс аясында зертханалық зерттеуге ашық су көздерінен су сынамалары алынып зерттелді. Осы мақсатта барлығы 108 су сынамасы алынса, зерттеу барысында осының 73-нің (шамамен 68%) гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіндігі анықталды. Бұл көрсеткіштер ашық су қоймалары мен өзен суының органикалық және басқа да заттармен ластануын айғақтайды.
Жүргізілген рейд қорытындысымен жергілікті атқару органдарына ашық су қоймалары мен өзендердің суға түсуге жарамсыздығы жөніндегі және осыған байланысты арнайы ақпараттық белгі қою туралы ұсыныс берілген хат жолданды.
Дерек көзі: www.inform.kz