Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 игі іс» акциясы жалғасып жатыр. Орал қаласында «Таза жағалау» экологиялық шарасы ұйымдастырылып, Жайық өзенінің жағалауы қалдық-қоқыстан тазартылды. Тазалық шарасына мемлекеттік және жекеменшік нысандағы кәсіпорындардың жүздеген жұмысшысы мен жастар ұйымдарының өкілдері атсалысты. «Жағалауда қоқыстың көп болуы – тұрғындардың қоршаған ортаға деген немқұрайлығы. Сондықтан біз осы акция арқылы жұртшылықты тазалық сақтауға шақырамыз», – дейді шараға қатысқан еріктілер. Ержан Талапқалиев, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілі: – Жағажайда демалғанды бәрі жақсы көреді. Бірақ көбіне осы жағажайды сынға алып жатады, лас деп. Бірақ та адамдар оны ескермей, жағажайды бүлдіріп кетіп жатады. Елімізді көгалдандыру, елімізді таза сақтау, ол біздің ең басты мақсатымыз болып табылады. Нұржан Қалдыбеков, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі: – Таза қала дегеніміз ол тек Батыс Қазақстан облысында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатырған науқан. Бастау жасап, басқа жастарға үлгі беріп, бұл науқан одан әрі жалғасады деп ойлаймын.
Дерек көзі: www.24.kz