Қызылорда облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыты салынбақ.
Құны 30 миллион АҚШ долларына жуықтайтын жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Осы ретте облыс әкімдігі мен қаржы ұйымы арасында келісім жасалып, екіжақты меморандумдарға қол қойылды. Кәсіпорын облыс орталығының тазалығын қамтамасыз ете отырып, жерасты су көздерінің және топырақ беткі қабатының бүлінуінен сақтайды. Жалпы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізетін санитарлық полигонда биогаздан электр және жылу энергиясын өндіру жоспарланып отыр.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
– Еуропалық банк бізге несиені ұлттық валютамен теңгелей береді. Бұл – қаржы тұрақсыздығы кезінде өте маңызды шешім. Қазіргі таңда Еуропалық қайта құру және жаңғырту банкімен бірлесіп, 10 жобаны қолға алып, бүгінде 4-і іске асырылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар өңдеу зауыты – бесінші жоба. Сонымен қатар алдағы уақытта әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын салу жоспарын саралаймыз.
Дереккөз: www.24.kz