Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылы Ырғыз-Торғай табиғи резерваты аумағы 410 мың гектарға ұлғайтылады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғаудың, өсімін молайтудың және олардың объектілерін орнықты пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биологиялық саналуандық пен табиғи экожүйелерді сақтап қалудың ең тиімді шарасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту болып саналады. Қазақстан 1994 жылы қосылған Биологиялық саналуандылық туралы конвенцияда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін әрбір елде 2020 жылға қарай 17 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың жалпы көлемі 24 млн. гектарды немесе ел аумағының 8,8 пайызын құрайды. Конвенция ұсыныстарын орындау үшін біз ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды 46,3 млн. гектарға жеткізуіміз, яғни, 22,3 млн. гектарға ұлғайтуымыз қажет», – деді Нысанбаев.
Оның атап өтуінше, соңғы жылдары республикада ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін одан ары дамыту бойынша бірқатар жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2013-2015 жылдары аралығында 7 жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылып, бұрыннан бар 6 аумақтың алқабы кеңейтілген.
«Биыл Ырғыз-Торғай табиғи резерваты аумағын 410 мың гектарға ұлғайту іс-шаралары жүргізілуде», – деді вице-министр