Дереккөз: www.24.kz
«Щучье-Бурабай курортты аймағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер тізіміне енуі мүмкін.
Бұл әлем халқын Бурабайдың көркем табиғатына назар аудартып қана қоймай, киелі өлке жайлы шетелдіктердің көп мағлұмат алуына жағдай жасайды»,- дейді мамандар.
Мәселен, қазір ғаламтордан Бурабай жайлы ақпарат табу қиынға соғады екен. Ал курортты аймақ ЮНЕСКО-ның геопарктер тізіміне енсе, халықаралық ұйым аңыз өлке жайлы мәліметтерді жинақтап, оның қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Одан бөлек бұл мұндағы туризмді де дамытуға сеп болады.
Бурабайға келген ЮНЕСКО-ның өкілдері, ғаламдық геопарктер тізіміне қалай енуге болатынын түсіндірді. Ол үшін Қазақстан тарапы биыл қазан айында ұйымның Франциядағы бас штаб-пәтеріне өтініш хат жолдауы қажет. Ол өтініштің өзі 3 айдай қаралады. Қазір аталған ұйымның қарамағында 119 геопарк бар. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан.
Патрик Маккивер, ЮНЕСКО-ның халықаралық геопарктер бағдарламасының директоры:
– Мен Бурабайға бүгін келе сіздердің өте қонақжай екендеріңізге көзім жетіп, соған тәнті болдым. Бұл әлбетте туризмді дамытудың бірден-бір маңызды тетігі. Мұндай қошемет пен құрметті көрген турист келесі жолы осы өлкеге тағы келері анық. Менің мұнда келгендегі мақсат-міндетім – бүгінгі талқыланған мәселелерді басшылыққа жеткізу. Әрі осы жақтағы мамандарға кеңес беру.
Шынарбек Батырханов, облыстық туризм басқармасының жетекшісі:
– ТМД кеңістігінде, Қазақстанда бірінші рет мынау Орталық Азия елдерін қарайтын болсақ, біздің Қазақстанға ЮНЕСКО көңіл бөліп отыр. Бұл беріліп отырған үлкен статус. Біздің табиғатымыз үлкен халықаралық деңгейде қорғау мәселесіне кіріп жатыр.