Дереккөз: www.24.kz
EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезіндегі мәдени бағдарлама мен концерттердің 70 пайызы барша азаматтарға қолжетімді болады.
Ол негізінен қаланың түрлі аудандарында ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ қала маңындағы тұрғын алаптарында өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Маусымнан қыркүйек айына дейін түрлі форматтағы 647 мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылады: халықтық серуен, мәдени-бұқаралық, отбасылық демалыс, фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирк қойылымдары және т.б.
EXPO-2017 көрмесінің ресми ашылу және жабылу салтанатын қаланың үш ауданында тікелей эфирден тамашалауға болады. Үлкен LED экрандар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және «Студенттік» саябақта орнатылады.
Жаздың үш айында қала саябақтарында «Саябақтың жеті кереметі» атты шара өткізіледі. Қазақ ертегілерінің, танымал мультфильмдер кейіпкерлерінің, диснейлік кейіпкерлер мен роботтардың қатысуымен 7 тақырыптық бағдарлама көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы алғанда, саябақтарда балалар мен ересектерге арналған мыңнан аса ойын-сауық шарасы өтеді.
Сулы-жасыл желектік ІІ Astana Art Fest халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Бұдан басқа халық аспаптары оркестрлерінің «Серпер» фестивалі, үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» фестивалі өтеді.
Демалыс күндері тұрғын алаптарында қазақстандық артистер мен елорданың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Думанды Сарыарқа» концерті өтеді.
Сонымен қатар жазда «Астана жұлдызы» ұлттық кәсіби музыкалық сыйлығын табыстау салтанаты өтеді. Шараға отандық эстраданың танымал өкілдері қатысады және «Үздік жыл орындаушысы» анықталады.