Дереккөз: www.24.kz
Бүгін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақмола облысындағы «Арнасай» «жасыл» технология орталығында өткен көшпелі қоғамдық кеңес отырысында осылай деп мәлімдеді.
Бұған қоса, сала басшысы дүниежүзілік ЕХРО көрмесіне дейінгі дайындық барысын баяндады.
Арнасай ауылының тыныс-тіршілігі «жасыл» технологиямен тікелей байланысты. Елді мекендегі тұрғындар инновациялық өнертабыстарын күнделікті тұрмыста қолданып жүр. Көрмеге қойылған көрнекі құралдың көбі коммерциялық тұрғыда толағай табыс әкелген. Ал бензинді сумен алмастыратын жаңа қондырғыны ойлап тапқан елордалық Диас Оралов өзінің тың туындысын алғаш рет көпшілік назарына ұсынды. Айтуынша, сутегі генераторы көліктің жанар-жағармайға деген сұранысын 40%-ға дейін өтеп, ауаға тарайтын зиянды затты азайтады. Ендігі жерде бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау тапса, дүниежүзілік ЕХРО көрмесіне қойылуы мүмкін.
Данияр Әзімханов, қоғамдық кеңес мүшесі:
– «Жасыл» технологияға көшу жөніндегі тұжырымдамада 2017-2018 жылдарда жұмсалатын қаржы мөлшері 1 млрд доллар деп көрсетілген. Осыншама қаржы қалай және қандай мақсатта жұмсалып жатыр?
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
– Тұжырымдама дүниежүзілік дағдарыс басталмай тұрып жазылған еді. Жыл сайын баламалы қуат өндіретін нысандар іске қосылып жатыр. Қазір елдегі 50 станция осы мақсатта жұмыс істейді.
Энергетика саласының биылғы бюджеті 85,8 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда біршама көп. Министрдің айтуынша, бюджеттің басым бөлігі энергетика, көмір және уран салаларын қаржыландыруға жұмсалады. 11%-ы мұнай-газ секторы мен химия өндірісіне, ал 9,7%-ы қоршаған ортаны қорғау ісіне бағытталады.
Алмас Құдайберген, қоғамдық кеңес мүшесі:
– Геологиялық зерттеу бойынша елімізде қатпарлы мұнай-газдың қомақты қоры бар. Өзіңіз білесіз, АҚШ осы шикізатты өндіріп, қыруар пайда тауып келеді. Бізде осы мұнай түрін өндіруге қашан көңіл бөлінер екен?
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
– Біздің мәлімет бойынша, еліміздегі қатпарлы мұнай қоры белгісіз. Геологтар бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ барлау нәтижелеріне сүйенсек, шикізаттың бұл түрі табылған жоқ.
Басқосуда еліміздің солтүстік аймақтары мен Астананы көгілдір отынмен қамту мәселесі де көтерілді. Бұл бағытта министрлік бірқатар түйткілдің түйінін реттеуді көздеп отыр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қызылордадан елордаға қарай газ құбыры тартылуы тиіс. Ол үшін еліміз бойынша көгілдір отынға біркелкі тариф орнату жоспарда бар.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
– Келесі аптада бұл мәселені қарастыратын боламыз. Астана қаласының әкімімен бірге қараймыз. Сонан кейін келесі айда Премьер-Министрге баяндайтын боламыз.
Қоғамдық кеңес кезінде министр отандық өнертапқыштарды ЕХРО көрмесіне белсенді қатысуға шақырды. Себебі, дүниежүзілік шарада еліміздің тарапынан технологиялық тұрғыда 28 тың туынды ұсынылады. Көрнекі құралдар 30 мамырда арнайы павильонға қойылады. Ал ел аузында «жасыл» ауыл атанып кеткен «Арнасай» ЕХРО қонақтарын қарсы алып, инновациялық жетістіктерді паш етуге дайын.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев