Дереккөз: www.24.kz
Ақтауда жергілікті кәсіпкер орталық саябаққа шыршаның мың көшетін әкеліп берді. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында қолға алынған игі бастаманы өңірдегі жеті құрылыс компаниясының ұжымдары қолдады. Қайырымды азаматтарға алғыс айтқан қала басшылығы жас көшеттер күтіміне зор жауапкершілікпен қарауға уәде етті. Шаһарды абаттандыруға жауапты мамандар биыл өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артық ағаш егуді жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, өнегелі шараға қолдау білдірушілер саны жыл санап артып келеді. «Ақбота» саябағы толықтай қалпына келтірілген соң артылған көшеттер қаланың өзге де шағын аудандарына отырғызылады.
Берік Ізғалиев, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
– «Ақбота» саябағын көркейту мақсатында отырғызып жатырмыз. Осы ағаштардың барлығы да парк ішін абаттандыру үшін пайдаланылатын болады. Артылып қалған бөлігін қаламыздың басқа скверлеріне қолданамыз.
Шаңырақ Ермекбайұлы, кәсіпкер:
– Қаражатты өзіміздің мекемеден бөлдік. Осы үшін 50 млн теңгедей ақша шығарылды. Аталған шараны басқа азаматтар, құрылысшылар жалғастырады деп ойлаймыз. Біздің қалаға жетіспейтін бірден-бір нәрсе – көгалдандыру. Көк мәселесі – өте қиын мәселе.