Дереккөз: www.24.kz
«Елдегі мұндай энергия көзінің қоры 853 млрд тонна көмірге тең», – дейді мамандар.
Қазірдің өзінде Бейжіңнің кейбір ауданы мен елді мекендердің тұрғындары жер жылуы жүйесіне қосылып, жаңа қондырғы орнатып жатыр.
Қытайда жеті қабат жер астындағы жылудың игілігін көріп отырған жұрт бар. Ол – Бейжіңнен 50 шақырымдай орналасқан Сижа ауылы. Мұнда 400 отбасы геотермалды энергетиканы пайдаланады. Жердың таяз қабатындағы энергия күн қызуы мен жердің ыстық қойнауының әсерінен пайда болады. Сондықтан бұны шексіз «жасыл» энергия деп айта аламыз. Насос жер астындағы 70 метр тереңдіктен жылы суды сорып алады да, ғимаратқа тарататын осындай блокқа жөнелтеді.
Құрылғы судың температурасын теңшеп, бір қалыпқа келтірген соң оны жылыту жүйесіне таратады. Ал салқын суды қайтадан екінші құбырмен жердің астына айдайды. Осылайша үнемі циркуляция жасап тұрады. Яғни жерасты суын сорып алғаннан кейін топырақ опырылып кетпейді. Бұл – жаңа технологияның артықшылығы. Экологиялық таза әрі арзан жылыту жүйесін Сижа әкімінің орынбасары көрші ауылдың тұрғындарына тәптіштеп түсіндіріп жүр. Бүгін Лянцзядиан елді мекенінен бір топ кемпір-шал арнайы танысуға келді. Олар қыста қатты отын жағатынын айтады. Ал көмір тасу, күл шығару бейнет. Сондықтан көпшілігі жаңа құрылғыны орнатамыз деп оқталып отыр.
Чжэн Пинь, Сиджа ауылы әкімінің орынбасары:
– Біздің ауылда 212 отбасы бар. 2016 жылдан бастап заманауи жылыту жүйесіне көше бастадық. Жалпы, Бейжіңнің маңайындағы елді мекендер арасында біздің ауыл негізінен жер жылуын пайдаланып отыр. Құрылғыны орнату шығынын толықтай үкімет көтеріп алды. Тұрғындардың бір тиыны да шықпайды. Жаңа жылыту жүйесі ыңғайлы әрі үнемді. Ең бастысы, күл-қоқыстың көлемі азайды.
Чжэн Пиннің сөзіне сенсек, бұған дейін ауыл халқы көмір жағып отырғанда, күлден көз ашпайтын. Көктемде мың тоннадан астам қалдық шығаратынбыз, дейді. Ал қазір алты айға созылатын жылыту маусымы кезінде бір отбасы 3000 юань, немесе 150 мың теңгенің тоғын жұмсайды. Бұл шығын, дәстүрлі энергия көзіне қарағанда, 50%-ға аз. Сижа тұрғыны Вань Личинь замандастырына заманауи жылыту жүйесінің артықшылығын айтып берді. Бүгін оған сұрақ жаудырғандар көп.
Вань Личинь, Сижа ауылының тұрғыны:
– Менің бұл жылыту құрылғысын қойдырғаныма бір жыл болды. Ауыл әкімшілігі келіп өздері тегін орнатып берді. Қыста бөлмелер жылы, 25 градусты қалыпты ұстап тұрады. Бұрын көмірге жылына 5000 юань шығын кететін. Қазір 2000 юань үнемдеп отырмын.
Ван Хунлун, Лянцзядиан ауылының тұрғыны:
– Мен бүгін жаңа жылыту жүйесімен таныстым. Бұл құрылғы өте ыңғайлы екен. Бірақ әлі де аздаған сұрақтарым бар. Отбасыммен ақылдасып көремін.
Бейжіңдегі баламалы энергия көзін дамытып отырған компания 2016 жылы 6000 отбасына геотермалды жылыту жүйесін орнатқан. «Биыл 12 мың баспанаға жаға жылыту жүйесін тартамыз», – дейді.
Авторлары: Н.Б, Ж.С