Дереккөз: www.24.kz
Қазақстанның табиғатында баламалы қуат көздері тұнып тұр.
Елімізде ми қайнатар ыстық та, күшті жел де бар. «Тіпті күн сәулесі мен жел энергиясының мүмкіндігі тұтас әлемді қамтуға жетеді», – дейді ғалымдар. Қазір әлем экологиялық таза баламалы қуат көздеріне инвестиция салып жатыр. Қазақстан да осы үрдістен қалыс қалмай, «жасыл» экономика бағдарламасын әзірледі. Бұл жоба бойынша 2020 жылы еліміздегі энергия көздерінің 3%-ы жел мен күннен қуат алуы керек. «Бұл жобаны жүзеге асыруды ауылдық елді мекендерден бастаған дұрыс», – дейді мамандар. Бүгін болашақтың энергиясына қатысты жиында сала ғалымдары мен экологтар өзара пікір алмасып, күн мен желдің мүмкіндігін саралады. Басқосуда табиғи қуат көздерін дамыту жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін қоғамдық жұмыс тобы құрылатыны айтылды. Сонымен қатар биылдан бастап ауылдық жерлердегі шаруашылықтарға күн сәулесінен қуат алатын құрылғыларды орнату мәселесі шешіле бастайды.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті:
– Бізге осы жұмыстарды қолға алып, ауылдық жерлерге, фермерлерге пайдалануға мүмкіндік жасауымыз керек. Бұл – үлкен қоғамдық жұмыс. Жалпы халыққа жеткізуіміз керек. Бұл оларға қаншалықты тегін, қаншалықты автономды, қаншалықты олардың жұмысына көмектесетінін көрсетуіміз керек. Осыған байланысты БҰҰ даму бағдарламасының басшысы келіп отыр. Олар соңғы төрт жылда ауылды жерлерге көптеген грант берді. Енді сол бағдарламаны бірге көтерсек деп жатырмыз.