Дереккөз: www.24.kz

36fe32e93fa7513db4623b54b6e7aceb_l

Астықты аймақ Қостанайда егіс науқаны бел ортадан ауды.

Қазіргі таңда жоспарланған 4 млн 700 мың гектар алқаптың 60%-дан астамына тұқым себілген. Әсіресе облыстың оңтүстігі, Арқалық өңірінде қарқын жоғары.

Арқалық өңірінде биыл 277 500 гектар алқапқа дән сіңірілмек. Соның 43 мыңы Таңат Естайлақов жұмыс істейтін шаруашылыққа тиесілі. Қуатты, заманауи техникамен жарақтанған механизаторлардың машақаты азайған.

Өңір диқандары егіс жұмыстарын сәл кешігіп бастаған-ды. Әйтсе де еңбек өнімділігі қарқынды.

Таңат Естайлақов, механизатор:

– Тұқымның нормасын компьютерге енгіземіз. Күніне 120 гектар шығарады.

Қазір Арқалық бойынша күндік меже – 18 мың гектар. Бұл көлемді олар еркін еңсеріп келеді. Танаптарды өңдеу, күтіп-баптау жұмыстарын уақтылы жүргізіп үйренген диқандар мол өнімнен үмітті.

Ғалымбек Нұрлыбеков, Арқалық қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Былтырғымен салыстырғанда биыл ылғал көлемі де көп. Былтыр орта есеппен алғанда гектарына 9,5 центнерден алдық, биыл 12 центнерден аламыз деп ойлап отырмыз.

Өткен жылы егін алқаптарының төрттен бір бөлігі тат ауруына шалдығып, шаруалардың дені шығынға батқан болатын. Бұл келеңсіздік биыл да қайталанбасына кепіл жоқ. Сондықтан қостанайлық диқандар астық ауруының алдын алуға барынша тырысып жатыр.

Ғалым Ысқақов, бригадир:

– Егер жер ылғалды болмаса, ол қайтадан желмен ұшып, басқаларына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан биыл 6 мың гектар жерді өңдеп қойдық.

Қазір облыста алқаптарды өңдеуге қажетті химикаттар жеткілікті. Және оның 50% ақысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Егер ауа райы кедергі келтірмесе, диқандар егіс науқанын 1 маусымға дейін толық тәмамдамақ.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров