Дереккөз: www.24.kz
Шығыс Қазақстанда Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бағдарламасы жүйелі жүзеге аса бастады. Өңірде бүгінде 240 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 23-і сүт өндіруге бағытталған. Облыста сүт қабылдау пункттерін жасап шығаратын кәсіпорын да бар.
Сүт қабылдау пункттері мен сүтті суыту танктерін шығаратын «Үлбі модуль комбинаты» 2014 жылы іске қосылған. Еліміздегі бірегей кәсіпорынның өнімдері бір жылдың ішінде күллі республикаға тарай бастады. Шикізат Фин және Франция елінен алынғанымен, дайын өнім толықтай отандық. Ал қолдануға жеңіл, жабдықталған модульдер арнайы вагондарда шығарылады.
Вадим Быков, кәсіпорын басшысы:
-Қазіргі таңда 1000 литрден 5 тоннаға дейін сүт суытуға арналған танктерді шығарып жатырмыз. Мемлекеттік бағдарлама аясында 300-ге дейін сүт қабылдау пунктін жасап шығарамыз. Дайын өнімді жеткізіп беретінімізді де айта кетейін.
Өнімнің сапасында мін жоқ. Оған отандық модульдерге өңірдің түкпір-түкпірінен сұраныс түсіп жатқаны дәлел. Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтерімен 37 келісім жасалған. Бесқарағай ауданындағы Маловладимировка ауылдық округінің әкімі де отандық өнімнің әлеуетімен танысуға келіпті.
Юрий Слоницкий, Маловладимировка ауылдық округінің әкімі:
-Бұл кәсіпорын өнімдері сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде ауданда 5 кооператив құрылған. Сүт қабылдау пункттеріміз бар, бірақ оларды отандық өніммен алмастыру тиімді деп ойлаймын.
Облыста құрылған 240 ауыл шаруашылығы кооперативінің 23-і сүт бағытына негізделген. Күзде тағы 12 бірлестікті іске қосу көзделіп отыр.
Ринат Молдаханов, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
-Мемлекеттік қолдаулар көрсетілген. Бұл жағынан кооперативке бәрі түсіндіріліп жатыр, яғни модульный пункті сатып алған жағдайда кепілсіз, алғашқы жарнасыз сатып алуға болады. Бұл үлкен көмек. 50 пайыз мемлекеттік көмек қарастырылған. Бұған қоса сүт бағыттары бойынша алатын болсақ, әрбір өндірілген сүтке 10 теңгеден субсидия төленетін болады. Кооператив аккредитациядан өткенде қосымша құн салығын 100 пайыз мемлекет өтейтін болады.
Өңірде жеке қосалқы шаруашылықтар санын 15700-ге жеткізу көзделіп отыр. Барлығы да агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов