Дереккөз: www.24.kz

3a51254d1b44676db3d2d43f82e4a0f9_l

Биыл Шығыс Қазақстандағы орман алқаптарына 2 миллионнан аса көшет отырғызылды. Табиғаты көркем, бірақ экологиялық ахуалы көңіл көншітпейтін Өскеменде көгалдандыру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Сонымен қатар облыс орталығында «Халық орманы» атты акция өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған шара  аясында «Қазақстан» тауының баурайына 2 мыңдай көшет егілді.

Өскемен қаласын қоршап тұрған биік таулардың бауырайында халықтың қарасы көп. Барлығының көздеген мақсатты бір. Әсем қала Өскеменнің көркіне көрік қосып, көгалдандыру. Кішкентай Нұрай да отбасымен ағаш отырғызуға келіпті. Акция туралы газеттегі хабарландырудан оқыған олар бірден пайдалы іске ат салысуға кіріскен.

Нұрай Нұрланқызы, оқушы:

– Мен мұнда отбасыммен бірге ағаш өсіруге келдім. Тауымыз әдемі болсын. Мен қазір кішкентаймын. Мен кішкентай ағаштарды отырғызамын. Олар адамдар сияқты өседі. Мен өскенде олар үлкен болады. Ағаштар өте күшті.

«Халық орманы» акциясына терек пен қайың ағаштары таңдап алынған. Теректің өзі «қазақстандық» деп аталады. Ал олардың өркен жаюына заманауи гидрогель ықпал етеді. Оның тиімділігін уақыт дәлелдеген. Демек, «Қазақстан» тауының баурайына отырғызылған 2000-ға жуық ағаштың саясында демалатын күн де алыс емес.

Құралай Сахариева, ғылыми зертхана маманы:

– Суды тазалауға болады, топырақты тазалауға болады. Ал, ауаны жасыл жапырақтың көмегімен оттегін көбейткенде ғана, басқа оны тазартудың жолы жоқ. Сондықтан, бүгін жасап жатқан шара өте орнымен және дер кезінде жасалып жатыр деп ойлаймын.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді қазақ. Биыл өңірде 90 мың көшет облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тегін таратылды. Әр ауданда көгалдандыру шаралары жүйелі жүргізіліп келеді.