Дереккөз: www.24.kz
Бүгін EXPO көрмесінің өтіп жатқанына 21 күн болды.
Осы уақыт ішінде бірқатар мемлекет ұлттық күнін өткізіп, өздерінің баламалы энергияға қатысты жобаларымен таныстырып үлгерді. Сомали Республикасы да жасыл энергетиканы қолдайды. Бүгін – бұл елдің ұлттық күні.
Сомалидің ұлттық күні шарасы әдеттегідей екі елдің әнұрандарының орындалуымен басталды. Қос тараптың ресми өкілдері EXPO-ның маңыздылығын атап өтті.
Сомали – ән мен биді сүйетін өте көңілді халық. Сондықтан олардың танымал әншісі Никосова осы шарада жиналғандарға елдерінің дәстүрлі әуендеріне негізделген афро-поп әндерін орындады.
Жалпы Сомали – Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Ол Джибути, Кения, Эфиопия елдерімен шектеседі. Астанасы – Могадишо.
1960 жылдың 1 шілдесінде Сомалиленд мемлекетімен Сомали бірігіп, «Сомали» мемлекеті деп аталды. Қазір ол – федеративтік республика.
Мемлекет жиі құрғақшылыққа душар болғандықтан, баламалы энергияға аса мұқтаж ел. Олар осы жасыл энергетика саласында көшбасшы болып тұрған елдерден көбірек үйренсек, іс-тәжірибе алсақ дейді.
Сомали делегациясын бастап келген Абдоллахи Юсуф Мұхаммед мырза EXPO 2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуына аса жоғары бағасын берді. Олар павильонын «Жаңғыртылған энергия – байлықтың көзі» деп атаған.