Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлайды. Бұған дейін толассыз жауған жауын-шашын жергілікті жұртты әбден әбіргерге салған болатын. Жаңбыр суы арық арналарынан асып, метро бекеттері мен жерасты жолдарына жиналып қалды. Қазір коммуналдық қызметтер тұрмыстық қалдықтар мен топыраққа толған арықтарды тазалауға кірісті. Сонымен қатар су басқан көшелерді тазалау жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Жауын-шашыннан әсіресе Алатау ауданы едәуір зардап шекккен еді. Қазір сонда орналасқан жеке тұрғын үй секторларында селдің салдары жойыла бастады. Бағдат Мәнізоров, Алатау ауданының әкімі: – Алатау ауданында 156500 метр арықтар бар. Бүгінгі күні ең негізгі көшелердегі 25600 ге жуық арықтарды толық тазаладық. Қазіргі күні төтенше жағдайлар болса қай жерде қауіп бар екені біз білеміз. Мынау АЗТМ де бар, Шаңырақта бар онда да жұмыс жасап жатырмыз. Мамандардың болжамы бойынша алдағы күндері еліміздің оңтүстік аймақтарында нөсер құйып, бұршақ аралас жауын жауады. Соған байланысты төтенше жағдайлар қызметі бұл күндері таулы мекендер мен өзен-көлдерге бармауға кеңес береді. Сандуғаш Бекмұхаметова, қалалық ТЖД ресми өкілі: – Алматы қаласы және Алматы облысының тұрғындары мен келген қонақтарға таулы жерлерге, тау жаққа шықпауға кеңес береміз. Демалыс күндері барлығы су арнасы, өзен жағасына баруға тырысады. Сондықтан сондай жерлерден алшақ болсын деп кеңес береміз.

Дерек көзі :  www.24.kz