Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ерекше акция басталды.
Жоба «Бір сәби – бір ағаш» деп аталады. Шара кезінде өңірдің биыл ғана нәрестелі болған жас отбасылары тал отырғызды. Басты идея ата-бабадан қалған өсиетті жастардың бойына сіңіріп, ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру.
Басталған жоба аясында аймақ бойынша мыңнан астам ағаш бір уақытта отырғызылды. Шараға облыс орталығы мен 10 ауданның жас ата-аналары қатысты. Ағаш көшеттері негізінен жергілікті перзентханалардың маңайы мен арнайы белгіленген демалыс орындарына егілді.
Ал жуалылықтар ағаштарды Батыс Қытай-Батыс Еуропа автомагистралінің бойына отырғызды. Жолдың шетіне емес, жаңа «Мәңгілік ел» саябағына екті.
Жәнібек Мырзалиев биыл сәбилі болмаса да, үшінші перзентінің өмірге келуін күтіп жүр. Ол осы шараға атсалысу үшін бала-шағасын ертіп келген.
Жәнібек Мырзалиев, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:
– Барлық жас отбасылар келіп өз үлестерін қосуда. Әр отбасы бір-бір арша талын отырғызып, өз отбасылық тектерін белгілеп кетті. Біз де бүгін өзімнің ұлымды алып бір ағаш отырғызып, ауылымыздың көркеюіне үлес қосуға келіп отырмыз.
Эсмира Мәден, Қайрат ауылының тұрғыны:
– Саябағымызға тал егуге келіп тұрмыз. Бала-шағамызбен келіп тұрмыз. Біздің балаларымыз, болашақ ұрпақ осы саябаққа келіп демалады деген сенімдеміз.
Аумағы 25 гектарлық демалыс орнында үш мыңнан астам ағаш жайқалып өсіп келеді. Қазір «Рухани жаңғыру» аллеясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек жасанды көл, ардагерлер және жастар демалатын орындар салынбақ.
Марат Нарымбеков, Жуалы ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дейді. Ертең осы жерде әр отбасы өзінің талын егіп, ертең тал туралы өзінің баласы білетін болады. Әрі талды баптап, өсіріп, содан ол өзінің ұрпағына айтады. Ең басты мақсат – бұл ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру.
Бұл саябаққа аудан тұрғындары «Мәңгілік ел» деген атау берген. Кешенді демалыс орнын жергілікті жастар ұйымдасқан түрде асарлатып салып жатыр. Біз де Қазақстан Мәңгілік ел болсын деген ниетпен бір түп ағаш отырғызуды жөн санадық.
Айта кету керек, биыл аймақта жыл басынан бері 19 мыңға жуық бала өмірге келген. «Бір сәби – бір ағаш» жобасына олардың мыңнан астамының ата-анасы тартылды. Игі бастама жалғасын табады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә