14 проектов по зеленой экономике планируют реализовать в ЮКО

Дереккөз: www.24.kz

f73636a84a3986dc4d4189ec23b1cca0_l

Үлкен Келес каналының бойында салынып, сынақтан өткен су электр стансасы электр энергиясын өндіреді.

Бұл – өңірде 2020 жылға дейін салынуы тиіс жаңғыртылған қуат өндіретін 14 кәсіпорынның бірі.

Шағын су электр стансасы Өзбекстаннан басталатын каналдың еңіс тұсында орналасқан. Сағатына 1000 киловатт қуат өндіретін кәсіпорын экологиялық та, экономикалық та тұрғыдан тиімді. Әдетте мұндай стансаға су жеткізетін құбырды ұзақтан тартады.

Ғани Шалқаров, су электр стансасының директоры:

– Су жиналып тұратын тоған станса салынған жерден 22 метр биікте тұр. Тік құлама болған соң, араға 480 метр болатын құбыр тасталды. Егер еңкіштігі бұлай болмаса, бір шақырымнан асатын жерден құбыр тартар едік.

Екі араға диаметрі 1000 және 1400 миллиметр болатын екі құбыр салынды. Сол құбырмен ағатын су стансадағы генератордың қалағына соғылып, оны қозғалысқа келтіреді. Бойындағы қуатын генераторға берген су ары қарай ағып, сол каналға қайта құйылады. Ешқандай шығын жоқ. Бұл жоба үш жыл бойы дайындалып, жабдықтары да дұрыс таңдалған.

Рахымберді Рақымжанов, су электр стансасының іс басқарушысы:

– Генераторлары Ереваннан әкелінген. Қалғандары өзіміздің Қазақстанда шығарылады. Құралдардың көбісі Кентауда жасалған. Трансформаторлары да осы қаладан.

Оңтүстік Қазақстан облысында жаңғыртылатын қуат өндіру бойынша 7 жылға арналған бағдарлама бар. Онда су мен күннен қуат алатын 14 станса салу жоспарланған. Осы жобалар жүзеге асқанда, 189 мегаватт энергия өңір тұтынатын көлемнің жартысы өндірілмек.

Роза Сариева облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Сонымен қатар облыста Қытай және Түрік инвесторларымен жалпы қуаты 467 мегаватт болатын күн және жел стансасын салу жоспарланған. Қазір инвесторлармен меморандум түзілді.

Бұл жобалар Оңтүстік Қазақстан облысын сырттан электр энергиясын алатын деңгейден, өзгелерге сата алатын дәрежеге көтереді.

Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов