Дереккөз: www.24.kz
Атырау облысы Махамбет ауданы бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысады.
Ауданда тауарлы-сүт дайындау кешені, экспорттық бағыттағы ешкі фермасы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдан бастап ауыл тұрғындары 12 жерден мал бордақылау алаңын ашып, облысқа сапалы ет өнімдерін бере бастады.
«Таңдай» ауылының тұрғыны Қаршыға Дүйішевтің жұмыс күні өз қорасынан басталады. Мемлекет көмегі арқылы жеңілдетілген несие алысымен іске кіріскен шаруагер қазан айында 22 бас өгізшені жемдеп, етке өткізіпті. Қазір келесі бордақының қамында. Бұған дейін өнімін өзге жерге өткізіп келген шаруа үшін ауылдан салынған мал сою цехы шығынымды азайтады. «Бұл – ауылдықтар үшін баға жетпес көмек», – дейді ауыл тұрғыны.
Қаршыға Дүйішев, шаруа:
– Коопертив алға қарай жеңіл бағамен жем-шөп тауып беріп тұрса, онда үлкен пайдасы болады. Мына мал сою бекетін бітірді ғой, енді ет осы жерден қабылдайтын болса, онда тіпті нұр үстіне нұр болады.
Бағасы 15 миллион теңгелік мал сою кешені ауылдықтар үшін үлкен көмек болғалы тұр. Себебі цех құнының 50 пайызын мемлекет қайтарымсыз өтеп берген. Қалған қарыз 6 пайыздық несиемен 6 жылда қайтарылса болғаны. Алыс ауыл тұрғындары үшін мал сою бекетінің маңыздылығы сол – мал иелері осы жерден қолма-қол есеп айырысады.
Жолдас Бисекешұлы, коопертив мүшесі:
– Мұның қуаты бір ауысым деп аталады, 8 сағатта 10 бас мал сойылады. Сонда 1 күнде екі ауысым дегенде 20 бас мал сойылады. Бұл – 400 келі ет. Сонда айына 12 тонна ет өндіре аламыз.
Махамбет ауданында «Бақсай» және «Ынтымақ» ауыл шараушалығы коопертиві жұмыс істейді. Құрамында 95 мүше бар. Үстіміздегі жылы іске кіріскен коопертивтер 106 миллион несие алып, 373 бас ірі қараны бордақылап, етке өткізген. Шаруаға тиімді, ауыл тұрғындарына арзан да сапалы өнім.
Олжас Мырзабаев, Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
– 373 бас ірі қара бордақыланып, 61 тонна ет өткізді. Сойылған мал басына тиесілі субсидия қабылданып, қазір субидия құжаттар жолданатын болады.1 мал басына 20 мың теңге.
Жалпы биыл Атырау облысы бойынша 21 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыстарын бастады. Олардың өнімдері облыс орталығында 4 сауда нүктесінде сатылап жатыр. Мемлекет қолдауына сүйенген ауылдықтар келешекте кешенді шаруашылық құрмақ. Атап айтқанда, шұжық, қалбырдағы ет секілді нарықта жоғары сұранысқа ие өнімдер осы Махамбет ауданында өндірілетін болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже Темірлан Сұлтанғазиев, Амантай Мәтенов