Дереккөз: www.24.kz
Бүгін ХІ Астана экономикалық форумының қорытынды сессиясы өтті. Келелі кеңеске келген қонақтар дөңгелек үстел форматында қазақ үкіметімен ой-талқылар өткізді. Басқосуда елімізді дамыту мәселесі талқыланды. Сарапшылар Қазақстанды өркендетудің алты бағыты бойынша пікір алмасты.
Астана экономикалық форумының қорытынды сессиясы. Қазақстанды дамытудың алты бағыты талқыланды. Бірінші бағдары – «институттар мен экономикалық саясат». Сан тараптан келген сарапшылар технологиялық жаңғыру мен Қазақстан үшін жаңа нарықтар, макроэкономикалық тұрақтылық, жаһандық экономикалық қауіп-қатерлер жағдайындағы құрылымдық реформалар, теңсіздік деңгейін азайту амалдары мен инвестицияларды ынталандыру сұрақтарын қаузады.
Екінші бағыт – адами капиталды дамыту. Майталман мамандар «ХХІ ғасырда Қазақстанның білім беру жүйесі қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап іздеді. Web 2.0 сияқты жаңа технологиялар мен оқыту процесіне ғаламтор ғаламаттарын енгізу секілді мәселелер көтерілді. Креативті индустрияны дамыту және шығармашылық белсенділікті ынталандыру, елге адами капиталды тарту әдістері жөніндегі қатысушылардың ұсыныстары да қаралды.
Енді бір бағдар – «цифрландыру мен ақпараттық технологиялар». Сарабдал сарапшылар сандық мемлекеттік басқару мәселесін егжей-тегжейлі талқылады. Компаниялар мен бизнесті цифрландыру, ІТ жобаларды әзірлеу кластерін дамыту және алдыңғы қатарлы технологиялар трансферін ынталандыру бойынша нақты шешімдер ұсынылды.
«Жаңа ақша және қаржы секторы» бағыты бойынша қатысушылар бәсекеге қабілетті қаржы орталығын қалай құру керегін жан-жақты қарастырды. Блокчейн бойынша қандай жобаларды жүзеге асырып, болашақ ақша технологиясын пайдаланудың арқасында қандай пайда көруге болатыны да күн тәртібіне енді.
Ал «Таза энергия және жасыл технологиялар» сессиясының бағдарламасы қызу пікірталас тудырды. Бүгінде экономика секторларын табиғи байлықты сақтай әрі баламалы энергияны пайдалана отырып жетілдіру керек? Форумға қатысқан сарапшылардың пікірі осындай. Қазақстанда «жасыл экономиканы» дамытуда институционалды, қаржы және технологиялық кедергілер бары да әңгіме өзегіне айналды. Осы орайда бизнесті қалай ынталандырып, энергиялық тиімділігі жоғары инновацияларға қалай инвестиция салу керек деген сауалдар қойылды.
2050 жылға қарай Қазақстанның қалалары қалай өзгереді? Және ХХІ ғасырдың үздік шаһарлары қандай болмақ? Бұл сұрақтың жауабын мамандар «Қалаларды дамыту» сессиясында іздеді. Осы ретте олар мегаполистерге арналған мегажобалар, олардың көлік жүйесін дамыту, экология, өмір сүру сапасының деңгейін арттыру сынды мәселелерді талқыға салды. Халықаралық сарапшылардың ұсыныстары еліміздің дамуына үлкен септігін тигізбек. Авторлары: Ж.Біркенов