Дерекөз: ҚазАқпарат
Маңғыстауда Форт-Шевченко маңында жел электр станциясын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «South Wind Power» ЖШС бас директоры С.Парцикян және «Horgos Jiuhe SilkBridge New Energy Co. Ltd компаниясының өкілі Huang Cheng қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инвесторлар қуаты 2,5 кВт құрайтын 17 жел генераторын орнатып, құрылыс кезеңінде 70 адам жұмыспен қамтылатынын айтты. Инвестиция көлемі 60 млн долларды құрайды.
«Жел қондырғысының құрылысы «жасыл экономикаға» көшу, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін инновациялық технологияларды жүзеге асыру аясында жүргізіледі. Бұл жоба электр энергиясының қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі. Түпқараған ауданында 375 гектар аумақта 42 МВт жел қондырғысы орнатылады. Аталмыш жобаның құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталады», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.