Дереккөз: www. energo.gov.kz
Қазақстандық делегацияның басшысы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз сөзінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланудың жай-күйі мен перспективаларын нығайту мақсатындағы жаһандық бастамаларына назар аударды.
2018 жылғы 17 қыркүйекте Венада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас конференциясының 62-ші сессиясы өз жұмысын бастады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған Қазақстан делегациясы Бас конференцияның жұмысына қатысады.
Қазақстандық делегация құрамына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Ұлттық ядролық орталықтың және басқа да ұйымдардың өкілдері кірді.
Отырыс аясында қазақстандық тарап МАГАТЭ-нің мақсаттарын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөліне арналған жан-жақты шара ұйымдастырды. Іс-шараға Ұйымға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары қатысып, ядролық қаруды таратпау, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне жоғары баға берді.
Қазақстан делегациясының басшысы сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика және өнеркәсіп министрімен, Сауд Арабияның королі Абдалла атындағы Атомдық және жаңартылатын энергия жөніндегі академиялық қалашықтың Президентімен, Қытайдың Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасымен, Үндістанның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының төрағасымен, Украинаның энергетика және көмір өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасарымен және «Росатом» мемлекеттік атом энергетикалық корпорациясының Бас директорымен екіжақты кездесулер өткізді.
МАГАТЭ Бас конференциясының жұмысы 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы іс-шара барысында 140-тан астам мүше мемлекеттердің делегациялары МАГАТЭ-нің жыл сайынғы баяндамасын және ядролық қауіпсіздік туралы есебін, сондай-ақ Агенттіктің есеп беруін, бағдарламаларын және бюджетін қарайды.
Бас конференцияда ядролық энергетиканы дамыту перспективалары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ядролық энергетиканы және ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдалану және оларды қолдану, техникалық ынтымақтастық, кепілдіктердің тиімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік 1957 жылы құрылған болатын. 1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы МАГАТЭ-нің 121-ші мүшесі атанды.