Дереккөз: www.24.kz
Қарағанды облысының диқандары бұрын-соңды болмаған мол өнім жинап жатыр.
Бидайдың түсімі әр гектарына 60 центнерден айналуда. «Бұл ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағдарламасының жемісі», – дейді шаруалар. Дәлірек айтсақ, Осакаров ауданындағы фермер Павел Лущак биыл сынақ түрінде жаңа технологиямен 500 гектар алқапқа егін егіп көрген. Нәтижесі жоспардан әлдеқайда жоғары болып шықты.
Озат механизатор Владимир Чаус 30 жылдық еңбек тәжірибесінде мұндай мол өнімді бірінші рет орып тұр екен. Әр гектарына 60 центнерден айналып жатыр.
Владимир Чаус, механизатор:
– Мен басшымызға бидайдың 60 центнерден түсіп жатқанын айттым. Басында ешкім сенген жоқ. Ұялы телефоныма түсіріп алған бейнежазбаны көрсеткенде ғана барлығы сеніп, жағаларын ұстады. Мен қанша жыл механизатор болып еңбек етіп жүрмін, мұндай мол өнімді бірінші рет жинап тұрмын.
Жалпы биыл еліміз бойынша егін салатын ең ірі 9 шаруа қожалығы цифрлық жүйеге көшсе, соның екеуі Қарағанды облысында орналасқан. Павел Лущак биыл алғаш рет сынақ түрінде 500 гектар егістік алқаптың электронды картасын жасап, дәнді дақыл сіңірді. Австриялық тұқым мол өнім беріп жатыр.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
– Сынақ түрінде егілген егістік алқаптағы бидайдың биіктігі шамамен бір жарым метрге жетеді. Бітік шыққандағы соншалық, қазір құлап жатыр. Енді оны ысырапсыз орып алу үшін шаруа иесіне арнайы құрылғы сатып алуға тура келген.
Фермердің айтуынша, сандық технология ең әуелі еңбек өнімділігін арттырады. Екіншіден, материалдық шығындарды азайтып, қаржы үнемдеуге мол мүмкіндік бермек. Тыңайтқыш, гербицид, жанар-жағар май бұрыңғыдай бей-берекет емес, нақты есеппен аз жұмсалатын болады. Енді олар келешекте барлық егінжайды цифрлық жүйеге көшіруді жоспарлап отыр.
Павел Лущак, шаруа қожалық жетекшісі:
– Біз биыл алғашқы қадамды жасадық. Топырақ құнарын зерттеу үшін америкалық компанияға тапсырыс бердік. Келесі жылы жаңа технологиямен екі мың гектар алқапқа егін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмысты жыл сайын дамыта бермекпіз.
Жалпы егінжайдың электронды картасы дегеніміз не? Әуелі алқаптың нақты көлемі мен топырақтың құнары анықталып, кейін барлық дерек спутник арқылы бидай себетін кешендерге жіберіледі. Ал «ақылды техника» егістік алқаптың әр гектарына қанша тыңайтқыш, гербицид себу керек, жердің ылғалдылығы қандай, тұқымды қанша тереңдікке салу керек деген жұмыстарды автоматты түрде жүзеге асырмақ. Өкінішке орай, ондай заманауи техникалар әзірге санаулы диқанда ғана бар. «Сондықтан цифрлық жүйеге жаппай көшу үшін, ең әуелі шаруаларды бидай себетін кешендермен толық қамтамасыз етуіміз керек», – дейді аудан басшылары.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов