Дереккөз: www.24.kz
Елімізде Үкімет қаулысымен он үшінші ұлттық табиғи парк ашылды.
Мемлекеттік саябақта Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай тауының күнгейі мен теріскейі, бірнеше өзені ерекше қорғауға алынады. Мекемеге 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа алынып, сирек кездесетін өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемін бақылауға алады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарып, туризмді дамыту да жоспарланған.
Болат Көкенайұлы, Twitter@bolekekokenay
– Қойнауы құт берекеге толы қарт Тарбағатайда 1640-тан астам өсімдік, 370-тен астам аң-құс, өзендерде балықтардың 16-ы түрі кездеседі екен. Олардың ішінде Қызыл кітапқа енгендері де көп. Ал Ұлттық Парк қызметкерлерінің алдына қойылған басты мақсат – осы алуан түрлі табиғатты сақтап қана қоймай, оларды түрлендіріп, көбейту.
Тарбағатай тауының етегінен бастап ең биік шыңына дейінгі ұшқан құс, жүгірген аң, жайқалған жасыл дүниенің бәрі енді бақылауда болады. Ұлттық табиғи парктің жалпы аумағы 144 мың гектарды алып жатыр. Мұнда 4 түрлі аумақ бар. Алғашқы екеуі қорықтық және экологиялық тұрақтылық деп аталады. Бұл жерлер ерекше күзетіледі, оған тек арнайы рұқсатпен кіре аласыз.
Әлібек Тоқымтаев, «Тарбағатай» Мемлекеттік Ұлттық Табиғи паркінің директоры:
– Үшінші зонамыз экологиялық, туризмді дамыту зонасы болып табылады Ол жерде үлкен жоспарлар бар. Төртінші зонада мал бағуға болады және шөп шабуға болады. Бірақ оның бәрі біздің саябақпен келісімде істеу керек. Әрбір ауылдық әкімдіктерге барып, ұлттық парктің ашылу мақсатын түсіндіру, таныстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
40 жылға жуық осы маңда орманшы болып еңбек еткен Ережеп ақсақал жаңадан құрылған парк әлемде теңдесі жоқ Үржар апорты мен әйгілі Сиверс алмасын да қайта жаңғыртуға септігін тигізеді деген сенімде.
Ережеп Темешов, «Тарбағатай» Мемлекеттік Ұлттық Табиғи паркінің бөлім меңгерушісі:
– Әлемнің қай түбіне барсаңыздар да осындай ғажайып жерді көрдіңіздер ме? Мысалы, біз бүгінгі таңда 1100 метр биіктікте алманы алма ағаштан жеп көріп тұрмыз. Парктің ашылуы бізге жақсы болды, осындай жерлерімізді ары қарай сақтауға, ары қарай дамытуға көп себебі тиеді деп отырмын.
Қазірдің өзінде 8 техника алынып, парк қызметкерлері арнайы киім, құрал-жабдықтармен қамтылып жатыр. Болашақта 5 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, бағыт-бағдар нақтыланбақ. Ал жергілікті әкімдік бұрынғы мектеп ғимаратын жаңа мекеменің игілігіне беруді жөн санапты. Оны келесі жылы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы