Дереккөз: www.24.kz
Шаруашылықта құдық бар делік. Енді сол құдықтан іркіліссіз су алу үшін мотор керек.
моторыңыз токпен жұмыс істейді. Ал шалғайдағы қожалыққа ток қалай апарасыз. Бірақ үкімет бұл мәселенің де шешімін ұсынды.
«Жайылым жерлерді суландыру» бағдарламасы бойынша қиырдағы қыстаулардың барлығы баламалы қуат көзімен қамтамасыз етіледі.
Бұл бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Айталық, бір ғана Қарағанды облысының өзінде жыл басынан бері 573 шаруа қожалығы күн панельдерін орнатқан. Шағын электростанция сағатына шамамен 3-5 киловатт ток өндіреді. Бұл құдықтан су соруға жеткілікті. Бастысы, күн панелін салуға жұмсалған қаржының 80 проценті фермерлерге қайтарылады. Жыл соңына дейін өңірде тағы 200 шаруашылыққа осы жолмен тоқ берілмек.
Ерлан Түсіпханов, фермер:
– Өте жақсы болды. Малымызды осымен суарамыз. Жаздың күні тоңазытқышымызды қосамыз. Свет бәрі жанып тұр. Өте жақсы шаруа. 3,5 кВт береді, пока жетеді. Екеуін алдым, енді үшіншісін тағы аламын ба деп отырмын. Біреу жайлауда қоста тұр.
Сырым Бошпанов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Салынған инвестицияның осы бағытта 80 пайызға дейін құнының біз шаруашылықтарға қайтарып береміз. Биылғы жылы Қарағанды облысы бойынша осы баламалы электр қуатын орнатқан 573 шаруашылық бүгінгі күнге 2 миллиард 80 миллион теңгеге субсидияланды, ақшасы қайтарылып берілді. Жылдың аяғына дейін тағы 200-ге тарта шаруашылықтарға осындай баламалы электр қуаты берілмекші.